Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында маңызды өзгерістер болатынын хабарлады.
1 қазаннан бастап валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеме өзгереді.
Валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі көтеріледі
Өзгеріс тек шетел валютасындағы мерзімі 12 айдан жоғары жинақ салымдарға ғана қатысты. Мұндай салымдар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін жоғарылайды.
Жаңа шекті мөлшерлемелер тек 2026 жылдың 1 қазанынан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға ғана қолданылады.
Әртүрлі мерзімге ашылатын мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде өзгеріссіз қалады.
Айта кетейік, бұл шекті мөлшерлемелер — банктер ұсына алатын ең жоғарғы шекара. Ал коммерциялық банктер нарықтағы жағдайға қарай сыйақы мөлшерлемелерінің нақты деңгейін өз бетінше шешеді.
Өзгерістің себебі неде?
Бұл шешім елдегі долларлану деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты қабылданып отыр. Долларлану деңгейі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 19,2%-ға дейін азайды. Ұлттық банк пен ҚДКБҚ бұл қадамды макроэкономикалық жағдайлардың тұрақталуына және теңгенің нығаю үрдісіне байланысты валюта нарығындағы реформаларды жалғастыру мақсатында қолға алынды.
Кепілдік мөлшері өзгеріссіз қалады
Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ-ның максималды кепілдік мөлшері бұрынғы күйінде қалады:
20 миллион теңгеге дейін — теңгедегі жинақ салымдар бойынша (мерзімінен бұрын алуға болмайтын);
10 миллион теңгеге дейін — теңгедегі басқа салымдар мен шоттар бойынша;
5 миллион теңгеге дейін — доллар, еуро немесе басқа да шетел валютасындағы кез келген салымдар мен шоттар бойынша.
Қазіргі таңда бұл жүйеге ел бойынша 20 банк қатысады.
Қазақстан OIC-StatCom Бюросы төрағасының орынбасары болып сайланды — jananews.kz

