Алматы қаласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталып, коммуналдық арнайы тұраққа жеткізілген көліктерді эвакуациялау және сақтау үшін ресми ақы енгізіледі.
Жаңа тәртіп 4 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды jananews.kz.
Жаңа төлем тарифтері мен мөлшері
Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, бірыңғай төлем тәртібі 18 қыркүйекте қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бекітілді. Бекітілген тарифтерге сәйкес:
Эвакуациялау құны көліктің барлық санаты үшін 3 АЕК (12 975 теңге). Жеңіл автокөлікті сақтау құны алғашқы тәулік үшін – 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), кейінгі әрбір тәулік үшін – 5 АЕК (21 625 теңге).
Қала тұрғындары мен көлік иелеріне туындаған құқық бұзушылықтарды жойып, автокөліктерін 3 қазанға дейін арнайы тұрақтан ақысыз алып кету ұсынылады.
Жаңа тәртіп кімдерге қатысты?
Аталмыш өзгеріс барлық эвакуация жағдайларына бірдей қолданылмайды. Бұл тәртіп тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тікелей көзделген негіздер бойынша ұсталып, коммуналдық арнайы тұраққа жеткізілген көлік құралдарына ғана қатысты қолданылады.

