Алматыда ЖРВИ жұқтырған 260-тан астам бала ауруханаға жатқызылды

Алматы қаласында маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты медициналық ұйымдар күшейтілген режимге көшті.

Қазіргі таңда қаладағы жұқпалы аурулар стационарларында ЖРВИ диагнозымен ем қабылдап жатқан науқастар бар, деп хабарлайды jananews.kz.

Балалар мен ересектерге арналған стационарлардың жағдайы

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиеваның мәлімдеуінше, қалада инфекциялық науқастарға арналған 360 төсекке ие 11 бөлімше жұмыс істеп тұр. Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында 23 қыркүйектегі жағдай бойынша ЖРВИ диагнозымен 263 бала ем алуда. Оның ішінде 60 балаға пневмония диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, жансақтау бөлімінде 4 бала жатыр, оның екеуі өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған.

С.Жекенова атындағы Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада ересектер үшін 200 төсек-орын дайындалған. Қазір мұнда 59 пациент (оның ішінде 15 жүкті әйел) ем қабылдауда. Ал жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан әйелдерге арналған №4 Қалалық перзентханада 32 жүкті әйел стационарлық көмек алуда.

Тұмауға қарсы вакцинация науқаны

Маусымдық аурулардың алдын алу мақсатында қалада тұрғындарды екпе жасау жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен «Гриппол Плюс» үшвалентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды. Медицина қызметкерлері, есепте тұрған балалар, 6 айдан асқан жиі ауыратын және жетім балалар, әлеуметтік мекеме қызмет алушылары, созылмалы сырқаты бар адамдар мен жүктіліктің II-III триместріндегі әйелдер тегін екпе қабылдай алады. Қалған қала тұрғындары қалауы бойынша екпені ақылы негізде сала алады.

Мамандар ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Өзбекстанның туристік орталығында электрлі самокат пен басқа да көліктерге шектеу қойылады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img