Алматыда сотталған азаматтардың туыстары мен заңгерлер баспасөз мәслихатын өткізді

2026 жылдың 23 шілдесінде сағат 12:00-де Алматы қаласындағы «Voyage» қонақ үйінде «Ықтимал алаяқтық схема ма, әлде сот қателігі ме? Сотталған азаматтардың туыстары қысым көрсету фактілері туралы мәлімдеп, істерді жан-жақты тергеуді талап етеді» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Шараны ұйымдастырушылар — әртүрлі уақытта және әртүрлі жағдайларда жақындары мен қорғауындағы азаматтары қылмыстық қудалауға негізсіз тартылды деп есептейтін туыстар, қоғамдық қорғаушылар мен білікті заңгерлер тобы. Олар сот процестеріндегі өрескел заң бұзушылықтар, сараптама нәтижелерінің бұрмалануы және қысым көрсету фактілері бойынша Ақорда, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа үндеу тастап, істерді жан-жақты тергеуді талап етті.

Ержан Есіркеновтің ісі: Сараптама қайшылықтары мен процестік бұзушылықтар

Баспасөз мәслихатында сөз алған Ержан Есіркеновтің қарындасы Бақыттыгүл Есіркенова ағасының Абай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 29-мамырдағы үкімімен ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі және 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтты. Бақыттыгүл Есіркенованың мәлімдеуінше, сот отырысы мен тергеу процестері біржақты жүргізілген:

Жәбірленуші тарап тергеуге рұқсатпен кірсе, айыпталушы Ержанның туыстарын баса көктеп қуып жіберген. Істі депонированиеге қойған кезде де тек біржақты болып, сот отырысына жәбірленуші, оның анасы, психолог, прокурор мен тергеуші қатысқан. Айыпталушы тарапта адвокат пен қоғамдық қорғаушы бола тұра, әрі Ержан Есіркенов әлі толық айыпталмаған кезде, ол жақтан ешкім шақырылмаған.

Оқиға орнынан алынған матрастарды тексергенде Ержанның (4-топ) және жәбірленушінің (2-топ) биологиялық іздері табылмаған. Көрпе мен одеялода қан да, шәует те болмаған. Алайда, 1, 3 және 4-топқа жататын бөгде шәует пен қан дақтары табылғанына қарамастан, сараптама кезінде ДНҚ-ларды қосып, айыпталушы мен жәбірленушінің ДНҚ-сын алып шыққан. Жәбірленуші қыз бұрын колледжде 14 жасынан өз жігітімен бірге болғанын жазған және зорлық туралы айтпаған. Анализ тапсырғанда тік ішегінен де зорланғанын мәлімдегенімен, айғақ табылмады. Бақыттыгүлдің айтуынша 2 жыл өтсе де айғақ қалу керек, себебі кез-келген жарадан із қалады.

Криминалистік сауалнамада айыпталушының сөзінде жаттау белгілері жоқ деп жазылғанымен, айыптау актісінде керісінше бұрмаланған. Психолог «педофилизм анықталған жоқ» және «қыздың шын-өтірігі компетенцияма кірмейді» десе де, сот үкімінде «психолог қыздың шын айтқанын дәлелдеді» деп көшірген.

Бірінші орыс тілді білікті адвокаттың сөздері аудармашы тарапынан толық аударылмаған. Ал сотқа онлайн қосылған сот-медициналық сараптама маманы Жанаргүл Дүйсенова айғақтардың мүмкін емес жағдайда жиналғанын және ДНҚ-лардың бұлай қосылып кетуі мүмкін еместігін дәлелдеп берді. Адвокат Ермек Тлеукеев те айғақтар мен сараптамалардың күмәнділігін жеткізді.

Шалқар Нұржанұлы мен Рауан Қадырмоллаевтың ісі: Ықтимал алаяқтық схемасы

Семей қаласында ҚР ҚК 120-бабының 3-1-бөлігі бойынша 15 жыл 6 айға сотталған Шалқар Нұржанұлы мен Рауан Қадырмоллаевтың ісі бойынша Қуанышбек Қадырмоллаев мәлімдеме жасады. Қорғау тарапы мен туыстары бұл істе материалдық пайда табуды көздеген ықтимал алаяқтық схемасы бар деп есептейді.

Екі азамат чат-рулеткада өздерін 18 жастамын деп таныстырған қызбен танысып, оның өтінішімен үйге шақырған. Кездесуде қыз денсаулығына байланысты арызданып, қайтып кеткен. Арада 4 күн өткенде «1 миллион теңге берсеңдер, арыз жазбаймын» деп 1 апта уақыт беріп бопсалаған. Әрі переписканы 24 сағатта өшетін етіп, өз сөздерін өшіріп үлгерген. Учаскелік полиция қызметкерлері келіп, «мойындасаңдар қайтасыңдар» деп алдау арқылы түсініктеме алған және пыткамен мойындатқан. Кейін белгілі болғандай, айыпталушылардың алғашқы адвокаты жәбірленуші қыздың атасының досы болып шыққан. Жәбірленуші қыз болса, кейін Тиктокта тікелей эфирде күліп-ойнап отырған.

Заңгерлер мен туыстардың негізгі талаптары

Заңгерлердің айтуынша, сот процестері біржақты жүргізіліп, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылылық қағидаттары толық сақталмаған:

Қылмыстық іс материалдары сапасыз аударылып, мағынасы бұрмаланған. Айыптау негізіне сотта да бүркеншік атпен жауап берген «құпия куәгердің» айғақтары алынған.

Оқиғадан 2 жыл 2 ай өткен соң берілген арыз бойынша айыпталушы тараптың кәмелетке толмаған балалары жауапқа тартылмай, ал жәбірленуші тараптың кәмелетке толмаған баласы куәгер ретінде танылған. Сонымен қатар, сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың бір-біріне қайшы қорытындылары назарға алынбаған.

Алматыдағы пресс-конференцияда сотталғандардың туыстары мен заңгерлер БАҚ өкілдеріне істердегі бұрмалаушылықтарды баяндады. Қайшы келетін ДНҚ нәтижелерін, сапасыз аударманы және жасырын куәгерлерді жоғары инстанцияларда қайта қарау талап етілді. Бас прокуратура мен Жоғарғы соттан істерді әділ әрі бейтарап түрде қайта қарау сұралды.

 

Тоқаев: соңғы 5 жылда Қытай — Ресей — Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img