Омбы қаласында өтіп жатқан ХХІІ Қазақстан — Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасап, екі ел арасындағы экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және туристік әріптестіктің негізгі көрсеткіштері мен келешегіне тоқталды.
Президент өз сөзінде Ресейдің Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін және соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанын атап өтті.
Инвестиция, өнеркәсіп және инновациялық жобалар
Қазақстан Президенті өзара экономикалық ықпалдастықтың оң динамикасын нақты деректермен негіздеді. Биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция көлемі 45 %-ға ұлғайып, алғашқы 5 айда 773 миллион долларды құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатса, қазақстандық бизнес тарапынан Ресей экономикасына құйылған инвестиция көлемі 9 миллиард доллардан асты.
Сонымен қатар, екі ел арасында жалпы құны 52 миллиард доллардан асатын 177 ірі өнеркәсіптік жобаның тізімі жасақталып, оның 122-сі іске асты және 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Росатом» қатысуымен Балқаш маңында салынатын алғашқы АЭС құрылысы мен «Союз-5» зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш пен энергетикадағы жоғары технологиялық серіктестікті айқын дәлелдейді.
Көлік-логистика және транзиттік әлеует
Еуразия кеңістігіндегі ең ұзын тұтас құрлық шекарасына ие екі ел үшін транзиттік-логистикалық жүйені дамыту — жаһандық бәсекедегі басты артықшылықтардың бірі болып саналады. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады.
Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі 8 есе артып, Ресей — Қазақстан — Қытай бағытында миллионыншы контейнер тасымалданды. Автомобиль көлігімен тасымалдау көлемі былтыр 8,5 миллион тонна болса, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 еседен аса ұлғайып, 4,3 миллион тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың мамыр айында мемлекеттік сапар аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел арасында қатынап, серіктестікті жаңа технологиялық деңгейге шығарды.
Президент Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Еуропа – Батыс Қытай және Ақтөбе – Ұлғайсын жолдарын жаңғыртумен қатар, қолданыстағы жүйелер негізінде «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынды.
Әуе қатынасы мен трансшекаралық туризм: «500+» бастамасы
Шекара маңындағы өңірлердің байланысын нығайту және туристік ағынды ұлғайту үшін Мемлекет басшысы жаңа бағдарламаны ұсынды. Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашуға бағытталған «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасы әзірленеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін шетелдік туристердің саны жағынан Ресей бірінші орында тұр, ал одан кейінгі орындарда Қытай, Үндістан мен Түркия орналасқан. Осыған орай, елдеріміздің туризм индустриясы өкілдері арасындағы ықпалдастықты жандандырып, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу ұсынылды. Мұндай инфрақұрылымды дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймай, бауырлас халықтар арасындағы сенімді нығайтады.
Отырыс барысында Владимир Путин, Алексей Оверчук, Серік Жұманғарин, Виталий Хоценко, Асайын Байханов, Виктор Томенко және Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, өңіраралық кооперацияны тереңдету бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті — jananews.kz

