Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілді

Алматы қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды азайту және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша осындай деректер 11,9%-ға азайып, 193-тен 170-ке дейін төмендеді, — деп хабарлайды jananews.kz.

Профилактикалық шаралар мен қабылданған шектеулер

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Жадыра Қаңтарбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Шара «Гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы аясында ұйымдастырылды. Құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында қалада ауқымды шаралар қолға алынды.

Жыл басынан бері 6 384 қорғау нұсқамасы шығарылып, 1 167 адамға қатысты сот тарапынан мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Заң талаптарын сақтамағандарға қатысты шаралар қатаңдатылды. Атап айтқанда, қорғау нұсқамасын бұзған 326 адам және сот белгілеген шектеулерді орындамаған 300 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішімдік пен есірткіге тәуелділік салдарынан құқық бұзған 167 адам заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Қажеттілік туындаған жағдайда құқық бұзушылар уақытша ұстау абақтысына (339 адам) қамалып, 774 адам әкімшілік қамаққа алынды.

Дағдарыс орталықтарының көмегі және психологиялық қолдау

Зардап шеккен әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Жыл басынан бері қаланың дағдарыс орталықтарына 212 әйел жіберіліп, олардың 142-сі кәмелетке толмаған балаларымен бірге «Жан-Сая» орталығына уақытша орналастырылды. Мұнда оларға қауіпсіз орта мен кешенді психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, сот шешімімен 52 құқық бұзушы психокоррекция кабинетіне жіберіліп, мамандар агрессия деңгейін төмендету және мінез-құлықты өзгерту бағытында жұмыс жүргізуде. Полиция өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар үкіметтік емес ұйымдармен және дағдарыс орталықтарымен бірлесіп жалғасатынын атап өтті.

Асхат Аймағамбетов: МӘМС жүйесіне қатысты халықта сұрақтар әлі де көп — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img