Қазақстан туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалған елдердің жаһандық рейтингінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2026 жылғы Travel & Tourism Development Index рейтингісінің қорытындысы бойынша, еліміз 110 мемлекеттің ішінде 56-орынға тұрақтап, Орталық Азияда көш бастады, — деп хабарлайды jananews.kz.
Рейтинг көрсеткіштері мен өңірлік нәтижелер
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан 7 балдық жүйемен 4,09 балл жинады. Еліміздің бұл көрсеткіші жыл санап жақсарып келеді. 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,6%-ға өскен және 2019 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жақсарған. Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан – 56-орынға (4,09 балл), Өзбекстан – 76-орын (3,69 балл), Қырғызстан – 93-орынға жайғасса (3,44 балл), ал көршілес Әзербайжан мемлекеті бұл рейтингте 58-орынды иеленді.
Әлемдік көшбасшылар және зерттеу әдістемесі
Жаһандық рейтингтің алғашқы үштігіне мықты туристік державалар енді. Олардың ішінде Жапония – 5,27 балл, АҚШ – 5,23 баллды иеленсе, ал Испания – 5,22 баллға ие болды. Жалпы үздік ондыққа Еуропаның 6 мемлекеті кірді. Айта кетейік, бұл рейтинг елдердегі келуші туристердің санын емес, мемлекеттердің туризмді дамытуға қаншалықты қолайлы жағдай қалыптастырғанын бағалайды. Зерттеу қауіпсіздік, көлік және туристік инфрақұрылым, мемлекеттік саясат, табиғи және мәдени ресурстар, сондай-ақ тұрақты туризмді дамыту сияқты 17 бағытты қамтитын 102 көрсеткіш негізінде жасалған.

