Алматы қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында студенттер үшін жатақханаларда, хостелдерде, қонақ үйлер мен қайта жабдықталған ғимараттарда жалпы саны 61,2 мың орын дайындалды.
Соңғы бір жылда студенттік тұрғын үй тапшылығы 23,7 мыңнан 5,7 мың орынға дейін, яғни шамамен 4 есеге азайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек мәлімдеді. Бүгінде Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алып жатса, олардың 149 мыңы — өзге өңірлерден келген жастар. Биыл қала бойынша 30 094 мемлекеттік білім беру гранты бөлініп, баспанаға деген жалпы сұраныс арта түскен.
Жатақхана қоры және баламалы баспана резерві
Қалада 136 студенттік жатақхана жұмыс істейді (оның 43-і 2023 жылдан бері ашылған). Қазір мұнда 46,2 мың студент тұрып жатыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мыңға көп. Жыл аяғына дейін тағы 4 658 орынға арналған 13 нысан пайдалануға беріледі (қайта жаңғыртылған 2 жатақхана — 287 орын, 11 жаңа ғимарат — 4 371 орын).
Баламалы тұрғын үй қоры аясында студенттерге арнап 11 мың орын бекітілген (былтыр 9 мың орын болған). Бос тұрған әкімшілік және оқу ғимараттарын бейімдеу арқылы қосымша 4 мың орын жасақталды. 2023 жылдан бері жұмыс істейтін Жобалық кеңсе инвесторларға рұқсат құжаттарын алуға және жатақхана салу кезінде несие пайыздарын субсидиялауға жәрдемдесуде.
Студенттерді жедел орналастыру мен қиын жағдайда қолдау көрсету үшін арнайы инфрақұрылым іске қосылды. 10-тамыздан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде (Бөгенбай батыр к-сі, 142) тәулік бойы жұмыс істейтін орталық ашылды. Оған тәулігіне 1,5 мыңнан астам қоңырау түседі. Байланыс нөмірлері: +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70.
Жатақханалардың санитарлық, тұрмыстық жағдайын тексеру бойынша 30 маусым мен 3 шілде аралығында мониторинг жүргізілсе, екінші кезең 18-25 тамыз күндері өтуде.
Жатақханадан орын алмаған алматылық студенттер Дағдарыс орталығына жүгіне алады — jananews.kz

