Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаевамен бірлесіп, БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
Шара барысында ауданда іске асырылып жатқан негізгі абаттандыру жобалары, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және бұл процеске жеке бизнестің әлеуметтік жауапкершілік аясында қалай үлес қосып жатқаны таныстырылды. Соңғы жылдары Жетісу ауданында аулалар жаңарып, заманауи спорт және балалар алаңқайлары бой көтеріп, тұрғындардың серуендеуіне арналған жаңа демалыс аймақтары ашылуда.
Жангелдин көшесіндегі алаңқайды қайта жаңғырту
Журналистердің алғашқы аялдамасы Жангелдин көшесіндегі аумағы 2,2 гектарды құрайтын алаңқай болды. Аудан тұрғындары бұл аумақты жаңартуды бірнеше жылдан бері сұрап келген. Қала әкімінің тапсырмасымен маусым айында басталған қайта жаңғырту жұмыстары тамыз айының соңына дейін толық аяқталады.
Жинақтаушы резервуарлар арқылы жұмыс істейтін жаңа автоматты суару жүйесі толық орнатылды. Ауданның жарықтандыру деңгейі едәуір артты. Бұған дейін 40 шам болса, енді олардың саны 200-ден асты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, олар Полиция департаменті мен әкімдіктің бақылауына берілді.
Бар ағаштарды сақтау және жаңа жасыл желектерді күтіп-баптау мәселесін Экология және қоршаған орта басқармасының мамандары тікелей қадағалауда.
«Халық қатысатын бюджет» және Ратушный көшесіндегі аулалар
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша Жетісу ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытуда. Өткен жылы тұрғындардан 1 319 өтініш түсіп, соның ішіндегі ең ірі 25 жоба таңдап алынған. Солардың бірі — Ратушный көшесіндегі аулаларды абаттандыру жобасы.
Бизнес пен мемлекеттің әріптестігі: Серіков көшесі
Жетісу ауданы — Алматыдағы ең ірі өнеркәсіптік аймақтардың бірі. Мұнда 572 кәсіпорын, оның ішінде 51 ірі және орта өндіріс орындары орналасқан. Осы орайда Серіков көшесі бойындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жеке демеуші — Karina Paper компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде.
Компания аумағы 44 мың шаршы метрлік «А» санатындағы қойма кешенін салып жатыр. Жоба 300 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам салық түсіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, кәсіпорын өз қаражатына Серіков көшесі бойында жаяу жүргіншілер жолын, демалыс орындарын салып, аумақты көгалдандыруда.
Үлкен Алматы каналы (ҮАК) аймағын жаңғырту
Баспасөз турының соңғы нысаны Үлкен Алматы каналының бойы болды. Жобаның бас инженері Айдын Байболовтың хабарлауынша, қала аумағындағы каналдың 90%-ы, ал іргелес саябақтардағы («Гүлдер» саябағы, Баум тоғайы) жұмыстардың 95%-ы аяқталған.
Каналға су жіберілгеннен кейін бұл аумақ Алматыдағы ең ірі рекреациялық аймаққа айналады. Демалыс аймағындағы судың тереңдігі 1,5 метрді құрайды. Аумақта медициналық және полиция бекеттері, бейнебақылау камералары мен дауыс арқылы хабарлау жүйелері толық орнатылады.
Әскери колледж түлектері ҰБТ-сыз әскери институтқа түсе алады — jananews.kz


