АҚШ-та 750 доллар төлеп жылдам виза алуға бола ма?

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті іскерлік және туристік визаларды жедел рәсімдеуге арналған жаңа ақылы қызметті іске қосуды жоспарлайды. Ендігі уақытта шетелдік азаматтар стандартты 185 долларлық алымнан бөлек, қосымша 750 доллар төлеу арқылы төлем жасалған сәттен бастап 10 күн ішінде елшілік немесе консулдықтағы ресми сұхбатқа жазылу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл туралы халықаралық Associated Press ақпарат агенттігі хабарлады.

Пилоттық бағдарламаның мерзімі мен шарттары

Жаңа жүйені енгізу белгілі бір мерзім аралығында пилоттық режимде сынақтан өткізілмек.  Пилоттық бағдарлама үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде ресми түрде күшіне енеді. Жеделдетілген қызмет түрі 2026 жылдың 31-желтоқсанына дейін жалғасады деп жоспарланған. Егер жаңа қызметке деген қажеттілік жоғары болып, тиісті сұраныс туындаса, бағдарламаның мерзімі одан әрі ұзартылуы мүмкін. Бағдарлама аясында қызмет көрсететін АҚШ-тың шетелдегі елшіліктері мен консулдықтарының нақты тізімі жоба басталмас бұрын арнайы жарияланады. Бұл туралы тиісті ресми хабарлама осы аптада Federal Register басылымында жарық көреді.

Визалық саясаттың қатаңдауы және жаңа қызметтің мақсаты

Ұсынылып отырған бұл жаңа қызмет Дональд Трамп әкімшілігі енгізген қатаң визалық саясаттың салдарын ішінара жеңілдетуді көздейді. Соңғы уақытта АҚШ билігі тарапынан кейбір елдердің азаматтарына виза рәсімдеу кезінде міндетті кепілдік жарна енгізілген болатын. Мысалы, негізінен Африка континентіндегі елдер үшін бұл кепілдік сомасы 15 мың долларға дейін жетеді. Бұған қоса, өтініш берушілерден өздерінің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттары туралы мәліметтерді де қамтитын өте кең көлемдегі жеке ақпаратты ұсыну талап етілуде.

Аталған қатаң талаптар әлем бойынша құжаттарды қарау мерзімінің шамадан тыс ұзаруына және өтініш берушілер тарапынан көптеген шағымдардың туындауына себеп болды. Қазіргі таңда АҚШ-пен арада визасыз кіру бағдарламасы орнатылмаған елдердің азаматтары үшін елшіліктегі сұхбатқа жазылу кезегі бірнеше айға дейін созылуда.

Алайда, Мемлекеттік департамент ұсынып отырған бұл қосымша ақылы премиум қызмет визаның оң нәтижемен берілуіне ешқандай кепілдік бермейтінін ескертеді — ол тек консулдықтағы сұхбатқа жазылу уақытын барынша жеделдетуге ғана мүмкіндік береді.

Астанада мамандандырылған «Инвестиция үйі» ашылады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img