Алматы қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологияларды қолдана бастады.
Тәртіп сақшыларына адамның бет-әлпетін биометриялық деректер арқылы танитын арнайы AR-көзілдіріктер табысталды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Жаңа технологияның алғашқы нәтижесі
Заманауи құрылғы ведомстволық дерекқорлармен тікелей байланысып, көпшілік орындарда іздеуде жүрген азаматтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйенің алғашқы нақты нәтижесі де тіркелді, Алматыдағы мешіттердің бірінде осы ақылды көзілдіріктің көмегімен бұған дейін іздеу жарияланған ер адам анықталып, жедел тексеруден кейін қолға түсті.
Пилоттық жоба қалай жұмыс істейді?
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жаңа құрылғы қызметкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қылмыстың алдын алу тиімділігін арттырады. Көзілдірік нақты уақыт режимінде айналадағы адамдардың жүзін сканерлеп, іздеудегі тұлғалар базасымен салыстырады. Сонымен қатар құрылғыны киген полиция қызметкері барлық қажетті мәліметті тікелей көзілдіріктің экранынан көріп, сол сәтте әрекет ете алады. Қазіргі таңда биометриялық бейнеталдау функциясы бар ақылды көзілдіріктер Алматы қаласында пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізіліп жатыр.

