Қасым-Жомарт Тоқаев: 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін, барлық қауіп-қатерді ескеру қажет

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекет алдындағы ең басты міндет.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеп, алдағы климаттық өзгерістер мен қуаңшылық қаупіне ерекше назар аударуды тапсырды, — деп хабарлайды jananews.kz.

Климаттық болжамдар және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлер

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда 2027 жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдік климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жариялануда. Климаттық күн тәртібі жаһандық геосаясат және экономикамен тікелей байланысты.

«Климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауа райындағы мұндай күрт ауытқулар қуаңшылық пен табиғи өрттердің жиілеуі, көктемгі және маусымдық су тасқындары мен жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің күрделенуі және әлемдік жеткізу тізбегінің бұзылуы ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Су ресурстарын басқару және халықаралық ынтымақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын тиімді басқару ісінде осы қатерлердің барлығын алдын ала ескеру қажеттігін баса айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынғанымен, қарқыны әлі де баяу екенін сынға алды. Сонымен қатар Президент Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқанын еске салды. Салалық министрлікке аталған ұйыммен бірлесе отырып, әлемдегі күрделі климаттық ахуалды ескеретін әрі Қазақстан мен серіктес елдерге арналған нақты ұсынымдар әзірлеу міндеттелді.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img