Қазақстанның екі ірі мегаполисі — Астана мен Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желілерінің құрылысы жаңа деңгейге көтерілді.
Елордада желіні Қосшы қаласына, Жағалау ауданына және Ескі теміржол вокзалына дейін созу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылса, Алматыда 18 шақырымдық жерүсті LRT жобасының инженерлік желілері дайындалуда. Бұл көлік инфрақұрылымы қала ішіндегі қозғалысты оңтайландырып қана қоймай, қала маңындағы тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге және өңірлік туризмді дамытуға бағытталған.
Астанадағы LRT: Қосшы бағыты, су қорғау белдеулері және жаңа технология
Елордадағы жаңа желілердің жалпы ұзындығы 26 шақырымнан асады. Экологиялық құжаттама мен жобалық жоспар бойынша өзгерістер енгізілді. Жаңа желі Сығанақ көшесінен Жағалау ауданына, одан әрі Тұран және Жеңіс даңғылдары арқылы Ескі вокзалға қарай тартылады. Қосшы қаласына апаратын желі «Астана Жұлдызы» стансасынан бастау алады. Желілер мен жаңа депо Талдыкөл, Кіші Талдыкөл, Тассуат көлдері мен Сарыбұлақ өзенінің су қорғау белдеулеріне (125-тен 455 метрге дейінгі қашықтықта) жақын орналасқан. Ал кейбір тұрғын үйлерге дейінгі ең жақын қашықтық 13 метрді құрайды. CTS компаниясының мәліметінше, Қосшы бағытындағы темірбетон арқалықтарды орнату үшін елімізде алғаш рет зияткерлік басқару жүйесі бар, қашықтан бақыланатын арнайы көпір орнатқыш техника қолданылуда. Бұл тәсіл құрылысты жеделдетіп, автожолдарды жабу жиілігін мейлінше азайтады.
Алматыдағы LRT: Жерүсті трамвай үлгісі және қала маңы байланысы
Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан LRT жобасы өзінің конструктивтік құрылысымен ерекшеленеді. Эстакадалық жүйе емес, дәстүрлі заманауи трамвай үлгісінде жер үстімен жүреді. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 30–35 шақырымды, ал аялдамалар арақашықтығы шамамен 700 метрді құрайды. Депо Алатау ауданының индустриалды аймағында орналасады. Маршрут Бауыржан Момышұлы көшесімен Төле биге дейін түсіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 теміржол вокзалына дейін 18 шақырымға созылады.
Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, бірінші және екінші кезеңдер іске асқанда батыс және шығыс қақпалар өңірмен қосылады. Қаскелең, Ұзынағаш бағытынан келетін тұрғындар көліктерін ауысып отыру тораптарына қалдырып, LRT мен метроға оңай ауыса алады.
Қазақстан авторлық құқықты қорғау мәселелерін ретке келтіреді — jananews.kz

