Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні қарсаңында Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі гуманитарлық ахуал туралы деректерді жариялады.
Бүгінде жер шарында 250 миллионнан астам адам көмекке мұқтаж, ал БҰҰ биыл олардың ішіндегі ең әлсіз 135 миллион адамға тікелей көмек жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда әлемнің 60-тан астам еліндегі қарулы қақтығыстар, климаттық апаттар және донорлық қаржыландырудың азаюы гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтыруда.
Қақтығыс аймақтарындағы қауіп және адам шығыны
Соғыс ошақтарында көмек көрсету күрделене түсіп, мамандардың өміріне тікелей қауіп төнуде:
Былтыр 21 елде қызмет атқарып жүрген 326 гуманитарлық қызметкер қаза тапты. Бір жылда қақтығыс алаңдарында 37 мың бейбіт тұрғын көз жұмды (орта есеппен әр 14 минут сайын бір адам қаза табады).
ДДСҰ мәліметінше, әлемнің 29 елі мен аумағында ауруханалар мен медициналық бекеттерге 10 400-ден астам шабуыл жасалған.
Қазір әлем бойынша 473 миллион бала соғыс аймақтарында өмір сүріп жатыр. 2018–2024 жылдар аралығында 2 миллионнан астам сәби босқын болып дүниеге келген.
Қаржыландыру тапшылығы және аштық қаупі
Халықаралық қорларға түсетін донорлық қаражаттың қысқаруы бірқатар мемлекеттерде жағдайды қиындатты. Былтыр ЮНИСЕФ 2,96 миллиард АҚШ доллары көлемінде көмек алып, 9 миллион баланың білім алуына, 8 миллион балаға психологиялық қолдау көрсетуге және ауызсу мен екпе жұмыстарына жұмсады. Ауғанстан, Конго ДР, Гаити, Сомали, Оңтүстік Судан және Судан елдерінде 13,7 миллион адам аштық қаупіне тап болды. Ауғанстанда мұқтаждардың тек 10%-ы, ал Конгода 2,3 млн адамның небәрі 600 мыңы ғана азық-түлікпен қамтылған. Ең ірі донор саналатын АҚШ-тың қаржыны қысқартуы жағдайға кері әсер етті.
Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегі өршіп, тоғыз аптада 1 000 адам көз жұмды (барлығы 2 мыңнан астам адам қайтыс болған). Ал «Эль-Ниньо» климаттық құбылысы салдарынан келесі жылдың соңына қарай әлемде тағы 274 миллион адамға аштық қаупі төніп тұр.
Үрімжіде Шанхай ынтымақтастық ұйымының цифрлық экономика жөніндегі форумы өтеді — jananews.kz

