COP31-ге дайындық қалай жүріп жатыр?

Алдағы қараша айында Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) өтеді.

Ауқымды халықаралық шара қарсаңында Қазақстанның ұлттық павильонының іскерлік бағдарламасы мен маңызды келісімдер пысықталуда, — деп хабарлайды jananews.kz.

COP31 конференциясының басты бағыттары

9–20 қараша аралығында өтетін жаһандық жиынға әлем елдерінің көшбасшылары, үкіметтік делегациялар, бизнес пен ғылым өкілдері, сондай-ақ жастар мен азаматтық қоғам қатысады. Конференция барысында парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу және Париж келісімін жүзеге асыру мәселелері талқыланады.

«Жасыл даму» АҚ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен әзірлеген іскерлік бағдарлама аясында 36 іс-шара өткізу жоспарланған. Негізгі отырыстардың бірі Орталық Азияның 5 елінің экология министрлерінің кездесуі болып, өңірлік ынтымақтастық пен ортақ экологиялық мәселелерді шешу жолдары қарастырылады.

Қазақстан павильонында қандай тақырыптар көтеріледі?

Ұлттық павильонда климаттық қаржыландыру, көміртегі нарықтарын дамыту, әділетті энергетикалық ауысу және инвестициялық платформаларды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ бірнеше бағыттар бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылады:

— Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий экожүйелерін сақтау, су ресурстарын ұтымды пайдалану, ормандар мен далаларды қорғау;

— Жасанды интеллект мен ғарыштық технологияларды қолдану, метан шығарындыларын бақылау, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру;

— Қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту және таза технологияларды енгізу.

28-ге жуық құжатқа қол қою күтілуде

Конференция аясында халықаралық әріптестікті нығайту мақсатында 28-ге жуық құжатқа қол қою мәселесі пысықталуда. Оның ішінде 19 меморандум, сондай-ақ ынтымақтастық туралы келісімдер мен шарттар бар. Бұл құжаттар метеорология, энергетикалық ауысу, климаттық инвестициялар, таза технологиялар, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау салаларын қамтиды. Қорытынды тізбе әріптестермен келісілгеннен кейін түпкілікті айқындалмақ.

Еліміздегі мектептерге қауіпсіздікке арналған жаңа курс енгізілді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img