Жыл сайын 9 қазанда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік пошта күнін атап өтеді.
Бұл атаулы күн 1969 жылы Дүниежүзілік пошта одағының бастамасымен бекітіліп, БҰҰ-ның халықаралық күндер күнтізбесіне енгізілген. Дәл осы күні 1874 жылы Жалпыға ортақ бірыңғай пошта келісіміне қол қойылып, кейіннен Дүниежүзілік пошта конвенциясы болып өзгертілді.
Поштаның тарихи тамыры және қазақ даласындағы дәстүр
Хабар жеткізу мен ақпарат алмасу адамзат тарихының ең көне салаларының бірі болып саналады. Ресми пошта бөлімдері ашылмаған көне замандардың өзінде қазақ жерінде елшілер мен жаушылар маңызды миссия атқарды. Тарихи әдебиеттер мен деректерге сәйкес, хандар мен ауқатты тұлғалар маңызды хабарларды жеткізу үшін арнайы хабаршылар ұстаған.
Ежелгі Грекияда хат тасу үшін сағатына кемінде 10 шақырым жүретін жаяу пошташылар («гемеродромдар») қызмет етсе, Александр Македонский түйемен жүретін пошташыларды пайдаланған. Ал Ежелгі Римде Гай Юлий Цезарь мен Август император заманында тек билікке ғана бағынатын мемлекеттік пошта жүйесінің негізі қаланды.
Жаңа технологиялар мен поштаның жаңғыруы
Орта ғасырларда Еуропада сауда мен ғылымның дамуына байланысты жеке көпестердің пошталары пайда болды. 1820 жыл – Брайтондағы қағаз сатушы Бревер кәдімгі пошта конвертін ойлап тапты. 1840 жыл – Ұлыбританияда алғашқы пошта маркасы дүниеге келді.
XIX ғасырда телеграф (1832), телефон (1876) пен радионың (1895) пайда болуы, сондай-ақ теміржол, пароход және кейіннен ұшақтардың қатынауы пошта саласына зор өзгерістер әкеліп, оны халыққа қызмет көрсететін жаһандық жүйеге айналдырды.

