Ерекше балаларды қолдауға арналған кабинеттер саны артып келеді

Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде 380 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барады.

Олардың ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мың бала мектепке қабылданды (бүгінде олардың 84%-ы құжаттарын тапсырып үлгерген). Елімізде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту және ерекше балалардың мектеп ортасына бейімделуі үшін жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Инклюзивті білім берудің негізгі көрсеткіштері мен инфрақұрылымы

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мақсатында негізгі инфрақұрылымдық және педагогикалық шаралар іске асырылуда. Еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде 1 000-нан астам арнайы қолдау кабинеті жұмыс істейді. Оның 36-сы биыл ашылған. Ұлттық білім беру қорының деректеріне сәйкес, инклюзивті біліммен қамтылған балалар саны жыл сайын артуда. 2024 жылы 91 мың бала болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 96 мыңға жетті және биыл да оң динамика байқалуда. Оқушының жеке қажеттілігіне қарай білім беру бағдарламалары, оқу нәтижелерін бағалау тәсілдері бейімделеді. Оған Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысы негіз болады. Балалардың сыныпқа үйренуі мен ортаға бейімделуіне педагог-ассистенттер көмектеседі, ал жүріп-тұруында қиындығы бар балаларға жеке көмекшілер қарастырылған.

Арнайы сыныптар және Брайль жүйесі

Инклюзивті білім беру форматы баланың ерекшелігіне қарай жүзеге асырылады. Оқушылар жалпы сыныпта немесе көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл, психикалық даму, зерде және мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған арнайы сыныптарда білім алады. Мәселен, көру қабілеті бұзылған балалар Брайль жазуын меңгеру үшін 0-сыныптан 4-сыныпқа дейін арнайы сыныптарда оқып, 7–8 сыныптан бастап жалпы білім беретін сыныптарға ауысады. Инклюзивті білім берудің ауқымы кеңейгенімен, салада кадр тапшылығы өзекті болып отыр:

Бүгінде елімізде шамамен 3,5 мың арнайы педагог тапшы. Әсіресе логопед, дефектолог, сурдопедагог және тифлопедагог сияқты тар бейінді мамандарға деген сұраныс өте жоғары.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img