Қазақстанда алдағы жылдың басынан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының учаскелік қызметінде еңбек етіп жүрген 77 мыңнан астам мамандардың жалақысын арттыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылып, Денсаулық сақтау министрлігі нақты есептеулерді ұсынды, деп хабарлайды jananews.kz.
Еңбек өтілі мен қосымша ақы мөлшері
Жаңа жүйе бойынша жалақының өсуі тікелей үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады. Қосымша ақы лауазымдық жалақының 50 %-ына дейін жетеді деп көзделген:
2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін — лауазымдық жалақының 20%-ы;
3 жылдан астам еңбек өтілі үшін — 30%-ы;
5 жылдан астам еңбек өтілі үшін — 50%-ы.
Бұл шара ең алдымен кадр тапшылығын жоюға, тәжірибелі мамандарды емханалар мен ауылдық жерлерде тұрақтандыруға бағытталған.
Аймақтар мен санаттар бойынша жалақы қалай өзгереді?
Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы олардың жұмыс істейтін аймағына және еңбек өтіліне қарай өседі деп болжануда. Ауылдық жерлердегі мамандар Ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін артуы мүмкін.
Орта медицина персоналы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін, ең аз еңбек өтілі бар дәрігерлер 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, ал ең аз өтілі бар орта буын қызметкерлерінің жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Қалалық жерлердегі мамандар бойынша ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін жетеді. Орта медицина персоналы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін, ал ең аз еңбек өтілі бар дәрігерлер 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, сондай-ақ ең аз өтілі бар орта буын қызметкерлеріне 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін төленбек.
Сонымен қатар, учаскелік қызметтегі психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жоғары психоэмоциялық жүктемесі ескеріліп, оларға да қосымша ақы енгізу мәселесі қарастырылуда.
Қазақстан U19 бокстан әлем чемпионатында 8 медаль жеңіп алды — jananews.kz

