Түркі әлемінің назары Түркия астанасы Анкараға ауып отыр. Мұнда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші саммитіне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Биылғы алқалы жиын Түркияның ұлттық мерекесі – Республика күнімен тікелей тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды jananews.kz.
Саммиттің басты бағыттары мен символдық мәні
Қазанның 30-ы күні өтетін ауқымды басқосуда ұйымға төрағалық Әзербайжаннан Түркияға өтеді. «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе – бірлік» ұранымен өтетін жиында бауырлас елдердің ынтымақтастығын тереңдету және ортақ бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру жолдары талқыланбақ.
Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы Анкара шаһарында түркі мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуі ұйымдастырылған болатын. Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Мұса Казым Арыжанның айтуынша, бұл жолы ортақ тарихи мұра мен өркениеттік сананы нақты жобалар арқылы нығайтуға басымдық берілуде. Ресми деректерге сәйкес, ТМҰ-ға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 2002 жылы 359 млрд доллар болса, биыл бұл көрсеткіш 2,64 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Соңғы жылдары ұйым экономикасының орташа өсімі әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары болып, үлкен қарқын көрсетуде.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер мен жобалар
Анкарадағы саммитте саяси диалог пен экономикалық байланыстарды кеңейтумен қатар, маңызды бағыттар қарастырылады:
Көлік-логистика және Орта дәліз: Тасымалданатын жүк көлемін арттыру және логистикалық тізбекті дамыту. (Мәселен, Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі бұрынғы 1,7 млн тоннадан 4,1 млн тоннаға дейін өскен).
Цифрлық сауда және кеден: Кедендік бақылауды жеңілдету, цифрландыру және сауда байланыстарын жандандыру.
Гуманитарлық бастамалар: Түркі әлемі азаматтық қоғам ұйымының төрағасы Кемал Курмаз атап өткендей, саммит қорытындысы бойынша «Анкара декларациясы» қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ бүкіл түркі әлемінде ортақ төлқұжат немесе жеке куәлікпен қатынап, тіпті ортақ карта арқылы музейлерді жеңілдікпен тамашалау мүмкіндігі де қарастырылуда.
Сарапшылардың пікірінше, бұл басқосу түркі мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтермек.
Петропавлдағы ботаника бағы ерекше мәртебеге ие болды — jananews.kz

