Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін қарап, өңірлерде көмір тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды.
Үкімет басшысы қатты отынды өндіруден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық тізбекті қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекіту және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп энергия нысандарына көмір мен мазутты уақтылы тасымалдау жүктелді.
Жеткізу тізбегін бақылау және цифрлық платформа
Премьер-министр халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамту бойынша бірқатар нақты міндеттерді айқындады:
Көмір өндіру, теміржолмен тасымалдау және тұрғындарға бөлшек саудада сату процесіне толық мемлекеттік мониторинг орнатылады.
Отын жеткізу үдерісіне қатысушы барлық құрылымдар жұмысын көмірмен қамтамасыз етуге арналған қолданыстағы арнайы цифрлық платформа шеңберінде үйлестіруге тиіс.
Дайындықтан артта қалған әкімдіктерге кемшіліктерді тез арада жою жүктелді. Күннің суытуы мен ауа райының өзгеруіне байланысты жылу беруді кестеден бұрын да бастауға дайын болу қажеттігі ескертілді.
Әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымның мерзімдері
Үкімет басшысы өңірлер бойынша жылыту маусымына дайындықтың нақты мерзімдік шектерін бекітті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен әкімдіктер, Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының дайындығын 1 қыркүйекке дейін 100% аяқтауы қажет. Сонымен қатар, солтүстік, орталық және шығыс өңірлер бойынша барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін жылуды іске қосуға толық дайын болуға тиіс. Жылыту маусымына дайындық барысын қадағалау Премьер-министрдің бірінші орынбасарына тапсырылып, апта сайын есеп беріп отыру міндеттелді.
Биыл білім беру ұйымдарына 12 мыңға жуық педагог қабылданады — jananews.kz

