Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында отандық авторлар мен композиторлар үшін ауқымды республикалық патриоттық әндер байқауы басталды.
Бұл бастама Отан, туған жер және ел бірлігін дәріптейтін жаңа туындыларды жарыққа шығарып, заманауи патриоттық әндер қорын байытуға бағытталған, деп хабарлайды jananews.kz.
Байқаудың шарттары мен бағыттары
Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен кәсіби және жас авторлар, ақындар мен композиторлар қатыса алады. Басты талап – ұсынылатын туындылар бұған дейін еш жерде жарияланбаған және орындалмаған болуы тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, байқау 3 бағыт бойынша өткізіледі:
— Салтанатты патриоттық әндер;
— Лирикалық патриоттық әндер;
— Заманауи патриоттық әндер.
Қатысушылар көрсетілген бағыттардың біріне немесе бірнешеуіне өз шығармаларын ұсына алады. Туындыларды танымал композиторлар, ақындар мен кәсіби музыка мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды. Бағалау барысында әннің әуені, мәтіндік сапасы, идеяның тың болуы және тыңдарманға әсер ету күші басты назарға алынады. Сарапшылар кеңесінің мүшесі, белгілі ақын Қалқаман Сарин бұл байқау ұлттық болмысты арқау етіп, халық жүрегінен орын алатын сапалы әндердің көбеюіне үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Жүлде қоры мен марапаттау
Байқаудың жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды (қаржы демеушілер есебінен бөлінген). Жеңімпаздар келесідей жүлделермен марапатталады:
Бас жүлде – 6 миллион теңге;
I орын – әрқайсысы 4 миллион теңгеден үш жүлде;
II орын – әрқайсысы 3 миллион теңгеден үш жүлде;
III орын – әрқайсысы 1 миллион теңгеден үш жүлде.
Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін қабылданады. Құжаттар мен шығармалар khabar.kz/konkurs сайты арқылы қабылданады. Ал байқаудың жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ресми түрде жарияланады.

