Қазақстандықтарға IT меңгеруге 500 мың теңгеге дейін ваучер беріледі

Қазақстанда сұранысқа ие цифрлық мамандарды даярлауға арналған Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымына өтінім қабылдау басталды.

Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бағдарлама аясында еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтары аккредиттелген IT-мектептерде тегін білім алуға арналған арнайы ваучерлерге қол жеткізе алады.

Ваучер көлемі мен оқытылатын негізгі бағыттар

Қатысушылар оқу форматына байланысты мынадай көлемде қаржылай ваучерлер алады:

Офлайн оқыту үшін 500 000 теңгеге дейін;

Онлайн немесе гибридті оқыту үшін 400 000 теңгеге дейін.

Оқу бағдарламалары нарықтағы ең өзекті жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық жасақтама әзірлеу, деректерді талдау (Data Analytics), Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті (Product Management) және UI/UX-дизайн цифрлық салаларын қамтиды.

Бағдарламаның 2021–2026 жылдардағы нәтижелері

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бағдарлама цифрлық трансформацияға қажетті білікті мамандар тапшылығын жоюға бағытталған. 2021-2026 жылдары бағдарлама шеңберінде 12,5 мыңнан астам қазақстандық сапалы IT-білім алды. Экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы салалық компанияларға жұмысқа орналасты. Түлектердің орташа жалақысы 725 мың теңгені құрады, бұл еліміздегі орташа айлық жалақы көрсеткішінен 43%-ға жоғары. 3,2 мыңнан астам адам басқа салалардан IT бағытына сәтті ауысты.

Түлектерді 1 287 жетекші отандық және халықаралық компания жұмысқа қабылдайды. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY, Accenture компаниялары бар. Серіктес IT-мектептердің 30%-дан астамы өңірлерде орналасқан.

Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысу шарттары мен аккредиттелген мектептердің толық тізімі Astana Hub ресми платформасында жарияланған. Қосымша ақпаратты таңдалған IT-мектептен немесе бірыңғай 1818 байланыс нөмірі арқылы нақтылауға болады.

Түркі әлемінің археологтары ортақ цифрлық база құруға келісті — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img