ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов Бейжіңге жұмыс сапарымен барып, «Орталық Азия — Қытай» форматындағы министрлер кездесуіне қатысты.
Сапар аясында Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен екіжақты келіссөздер өткізіліп, бірқатар стратегиялық маңызды құжаттар мен уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу
Екіжақты келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдету мәселесі:
Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл қадам екі ел азаматтары үшін тиісті рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетіп, өзара сапарларға және іскерлік байланыстарға қолайлы жағдай жасайды.
Кездесуде тараптар өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және киберқылмысқа қарсы күрес шараларын да талқылады.
«Қорғас» орталығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету келісімі
Кездесудің басты нәтижелерінің бірі – екі ел үкіметтері арасындағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылуы. Бұл құжат орталық аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін қалыптастыру бойынша ұзақ уақыт жүргізілген бірлескен жұмыстың нәтижесінде жасалды.
Келісім екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындайтын қатерлерге жедел ден қоюға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

