Еліміз спорт тарихында алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатын өткізеді. Үстіміздегі жылдың 13-14 маусым күндері Астана қаласында бұл спорт түрінен Әлем кубогының III кезеңі мен Азия чемпионаты қатар ұйымдастырылады.
Азия чемпионаты Астанада
Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) алаңында өткен брифингте Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина мәлім еткендей, халықаралық деңгейдегі бұл дода Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena кешенінде өтеді. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 13-маусым күні сағат 12:00-де басталады деп жоспарланған. Ауқымды турнирге Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония және Жапониядан 400-ден астам қатысушы жиналады. Әлем мен Азияның ең үздік 40 командасы жүлделі орындар үшін сынға түсіп, «Сеньорлар» және «Юниорлар» санаттары бойынша 6 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Федерацияның жетістіктері және ел намысын қорғайтын ұжымдар
Эстетикалық топтық гимнастика еліміздің 15 өңірінде қарқынды дамып келеді, бұл бағытта 3 мыңнан астам спортшы тұрақты жаттығады және ұлттық құрама сапында 137 гимнаст өнер көрсетеді. Бүгінгі таңда елімізде осы спорт түрі бойынша 211 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 409 ҚР спорт шебері даярланды, сондай-ақ 98 жаттықтырушы мен хореограф еңбек етуде.
2026 жылы Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің аккредитациясынан өтіп, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми мойындауына ие болды. Сонымен қатар, отандық федерация 2018 жылғы 24-сәуірден бастап Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының (IFAGG) толыққанды мүшесі. Брифинг барысында Әлем кубогы мен Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын қазақстандық үздік командалардың тізімі де ресми түрде жарияланды.
Сеньорлар санатында Астанадан «Alan», Алматыдан «LiEl», Шымкенттен «Asyl Tas» пен «Fiesta» және Атыраудан «Estel» ұжымдары бақ сынайды. Юниорлар арасында Астана намысын «Samruk» пен «Izumrud-Korkem», Алматыны «Kerbez» бен «Sunrise», Шымкентті «Alem» және Өскеменді «Space» командалары таныстырады. Ал аралас командалар сайысында Алматы қаласынан «Libertad», «Kerbez Mix», «Aeria» және «Diamonds» топтары сынға түседі.


