«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау және ел аумағын көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы орайда республика көлемінде, соның ішінде Астана төңірегі мен өңірлерде жасыл желек қоры тұрақты түрде артып отыр, деп хабарлайды jananews.kz.
Орман алқаптарының өсу динамикасы
Экологиялық көрсеткіштерге сәйкес, еліміздегі орман қоры жыл санап ұлғайып келеді:
2010 жылы: 29 млн гектар;
2020 жылы: 30,5 млн гектар;
Бүгінгі таңда 31,4 млн гектар орман алқабы бар. Орман қорының бұлайша кеңеюіне Президенттің ел аумағында 5жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасы тікелей ықпал етті.
Өңірлер бойынша көшбасшылар
Мемлекет басшысының Аралдың құрғаған табанындағы 1,5 миллион гектарға сексеуіл егу туралы тапсырмасы ерекше нәтиже берді. Осының арқасында Қызылорда облысы орман қоры бойынша республика аймақтары арасында көш бастап тұр.
Былтыр Сыр өңіріндегі орман алқабы 4 миллион гектарға жуықтады. Жамбыл облысында 2,3 миллион гектар аумақта ағаш өсіп тұр. Сондай-ақ еліміздегі алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстары еніп отыр. Ауқымды көгалдандыру жұмыстары мен экологиялық шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтап, өңірлердің климатын жақсартуға елеулі үлес қосуда.

