Қазақстандық альпинист, музыкант, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының әртісі Әлібек Қайырбек Памир тау жүйесіндегі биіктігі 6 148 метр болатын Раздельная шыңына Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы мен қазақтың ұлттық аспабы домбыраны алып шықты.
Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл экспедиция «Әлем шыңдарындағы домбыра» халықаралық мәдени-патриоттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
«Әлем шыңдарындағы домбыра» мәдени-патриоттық жобасы
Бұл жоба Қазақстанды, оның мемлекеттік рәміздерін, төл мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын халықаралық деңгейде танытуды мақсат етеді. Әлібек Қайырбек Еуропа, Африка, Гималай, Тянь-Шань және Памирдің ең биік шыңдарын бағындырып, қазақтың күй өнерін әлемге кеңінен танытып келеді. 6 148 метр биіктіктегі Раздельная шыңында ол домбырамен қазақ күйлерін орындап, Қазақстан Республикасының Конституциясын көтерді. Экспедициялар барысында альпинист әртүрлі елдерден келген спортшыларға Қазақстанның тарихы, мәдениеті, мемлекеттік рәміздері мен Ата Заңы туралы ақпарат береді.
Дәстүрге айналған патриоттық бастама
Альпинист ел Конституциясын биік шыңдарға шығаруды игі дәстүрге айналдырған. ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай 2025 жылы Әлібек Қайырбек Ата Заңды тарихта тұңғыш рет Гималайдағы Айленд-Пик шыңына алып шықты. Патриоттық дәстүрді жалғастырып, қолданыстағы Конституция мен домбыраны Памир биіктігіне көтерді.
Қазақтың күй өнері мен мемлекеттік құндылықтары халықаралық альпинизм қоғамдастығында кеңінен насихатталды.
Салық органдары жеке аударым мен кәсіп төлемін қалай ажыратпақ? — jananews.kz

