«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ құрамындағы «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндірудің кешенді технологиясын әзірледі.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Жаңа әзірлеме отандық қой шаруашылығында жоғары сапалы, шырынды әрі экспорттық әлеуеті жоғары өнім өндіруге жол ашады.
Жаңа технологияның ерекшеліктері мен ғылыми артықшылықтары
Отандық ғалымдар қозыларды қарқынды өсіру мен бордақылаудың ғылыми негізделген бірегей жүйесін жасады. Азық құрамына дәнді және ақуызды компоненттер, пробиотиктер, өсімдік тектес қоспалар, премикстер мен минералды заттар енгізілген. Бұл малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын арттырып, зат алмасуды тұрақтандырады. Қозы етіндегі бұлшықет ішіндегі май мөлшері 4–6%-ға жетті (дәстүрлі жайылымдық әдісте бұл көрсеткіш 2–3% төңірегінде). Бұл етке айрықша жұмсақтық, шырындылық пен қанық дәм береді. Ең құнды ет бөліктерінің шығымы артып, бұлшықет пен май ұлпаларының арақатынасы оңтайланды. Әзірлеменің ғылыми маңыздылығы мен жаңалығы пайдалы модельге берілген екі патентпен ресми расталды.
Өндіріске енгізу және экспорттық әлеует
Алынған мәрмәр қой еті халықаралық сапа мен қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді. Ғалымдар ұсынған бұл технологияны Қазақстанның етті қой шаруашылығымен айналысатын кез келген кәсіпорындарына енгізуге болады. Бұл елімізде қосылған құны жоғары өнім көлемін арттырып, отандық ет өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға жаңа мүмкіндіктер береді.

