Климаттың өзгеруі мен жаһандық жылыну қарқынының үдеуі әлемдік деңгейдегі басты қауіп-қатерге айналды.
Ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың зерттеулері көрсеткендей, температураның көтерілуі теңіздер мен мұхиттарда, сондай-ақ өзендерде оттегі деңгейінің күрт төмендеуіне әкеп соғуда, деп хабарлайды jananews.kz.
Судағы оттегінің азаю себептері мен салдары
Оттегі – тіршілік атаулыға ауадай қажет маңызды элемент. Алайда жаһандық жылыну салдарынан жер мен судың қызуы экожүйеге үлкен зиянын тигізуде. Жылы су салқын суға қарағанда оттегіні әлдеқайда аз ұстайды. Нәтижесінде көлдер мен тоғандарда балықтардың жаппай қырылуы жиіледі.
Дүниежүзіндегі өзендердің шамамен 80 %-ында оттегі деңгейі төмендеген. Әсіресе тропикалық өзендерге үлкен қауіп төніп тұр. Мәселен, Ганг өзеніндегі оттегінің азаюы әлемдік орташа көрсеткіштен 20 есе жоғары. Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі судың қалыптан тыс жылынуынан туындайтын Эль-Ниньо жаһан бойынша ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшерінің күрт өзгеруіне түрткі болуда.
iLab Marine ғылыми орталығының маманы Ибрахим Әл-Жафаридің айтуынша, кейінгі 20 жылда су температурасы 1960 жылдармен салыстырғанда едәуір көтеріліп, мұхиттардың көмірқышқыл газын сіңіруі судың қышқылдығын арттырған. Бұл өз кезегінде маржан рифтері мен омыртқасыз жануарлардың тіршілігіне кері әсер етуде.
БҰҰ мен ғалымдардың дабылы
Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық жылыну Париж келісімінде белгіленген 1,5 градустық межеден асып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ғасыр соңына дейін жаһандық температура 2,6 градусқа көтерілуі ықтимал. Сарапшылар 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын шұғыл 2 есе қысқарту қажет екенін айтты. Бұл үшін энергиямен жабдықтаудағы көмірдің үлесін 55%-ға, мұнайды 15%-ға, ал газды 5%-ға азайту талап етіледі.
Алдағы 70 жылда өзендер тағы 4-5% оттегінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ кей аймақтарда нөсер жауын мен су тасқынының жиілеуі 2028 жылға дейін созылуы ықтимал. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мемлекеттерді, әсіресе G20 елдерін климаттық шараларды жеделдетуге және табиғи апаттарға қарсы ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге шақырды.
Елімізде жүлде қоры 30 млн теңгені құрайтын патриоттық әндер байқауы жарияланды — jananews.kz

