Қазақстанда жол сапасын түбегейлі арттыру мақсатында салалық нормативтер қайта қаралуда.
Елдегі көлік қозғалысының қарқыны артуына байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қатаң бақылау орнатылып, құрылыс материалдарын жеткізу рәсімдері жеңілдетілмек. Бұл туралы «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Саладағы түйткілдер және жаңа жұмыс тобының міндеттері
Қазіргі таңда жол саласының негізгі мәселелерін жан-жақты зерделеу үшін арнайы 30-дан астам мүшеден тұратын жұмыс тобы құрылды. Бұл топ нормативтік құжаттамаларды әзірлеу, битум, тас сапасы, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және техникалық қадағалау бағыттарын пысықтап, қысқа және ұзақ мерзімді өзгерістер жоспарын дайындауда. Жұмыс нәтижесі бойынша арнайы жол картасы қабылданбақ.
Сарапшылардың айтуынша, ең басты мәселенің бірі – жол жобалау кезінде қолданылатын ескірген нормативтер. Бұрын жолдағы көлік саны жылына 4,5 %-ға артады деп есептелсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 18–25 %-ға дейін өскен. Егер жол тәулігіне 1 мың көлік өтеді деп жобаланса, қазіргі уақытта ол жермен 3-5 мыңға жуық көлік жүреді. Бұл жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына әсер етуде.
Ауыр жүк көліктері мен кәсіпорындардың жауапкершілігі
Жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына шамадан тыс жүк артқан көліктер де үлкен септігін тигізеді. Тасымалдаушыларды ғана емес, жүкті тиеген кәсіпорындар мен карьерлерді де қатаң жауапкершілікке тарту ұсынылды.
«Егер карьер артық салмақпен жүк артпаса, оны тасымалдау да мүмкін емес, сондықтан екі тараптың да жауапкершілігі қарастырылуда», – деді Дархан Иманашев.
Салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін басқа түспен белгілеу бастамасы талқылануда. Бұл бақылауды едәуір жеңілдетіп, талап бұзғандарды тез анықтауға мүмкіндік береді.
Құрылыс құнын оңтайландыру және алдағы жоспарлар
Жол құрылысының бағасын оңтайландыру үшін карьерлерді ашу рәсімдерін қысқарту да күн тәртібінде тұр. Бүгінде құрылыс материалдарын тасымалдауға кететін логистикалық шығын кей жағдайда жалпы шығынның 20–30%-ына жетеді. Шикізат көздеріне қолжетімділікті жеңілдету арқылы үнемделген қаржыны тікелей жол сапасын жақсартуға бағыттау көзделіп отыр.
Реформаның алғашқы өзгерістері алдағы құрылыс маусымында енгізілмек. Ал жыл соңына дейін Қызылорда–Жезқазған автожолының Ұлытау облысындағы бөлігіндегі жұмыстарды аяқтау, Шығыс Қазақстандағы Пихтовка көпірінің құрылысын жалғастыру және бірнеше орташа жөндеуден өткен нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.
Астанада тәулігіне 900 адам қабылдайтын заманауи диагностикалық кешен салынуда — jananews.kz

