Қазақстанда темір жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пойыздардың жүруіне кедергі келтіретін жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапкершілік күшейтілмек.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы темір жол маңында қараусыз мал жайғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін екі есеге арттыруды ұсынды, — деп хабарлайды ҚТЖ.
Айыппұл мөлшері қалай өзгереді?
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес:
Бірінші рет заң бұзғандарға – 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салу көзделіп отыр.
Бір жыл ішінде қайталаған жағдайда – айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке (шамамен 86 мың теңгеге) дейін өседі.
Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша бұл құқық бұзушылық үшін 5 АЕК, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап бұл бап бойынша ескерту жасау түрі алынып тасталды.
Түсіндіру жұмыстары мен статистика
Темір жол бойындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында ҚТЖ әкімдіктермен және көлік полициясымен бірлесіп ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері мал иелері арасында 1,3 мыңға жуық кездесу өтіп, оған 34 мыңға жуық адам қатысты. 52 мыңнан астам мал иесіне мал жаю және темір жол арқылы мал айдап өту ережелері ескертілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оң өзгерістер де байқалады.
Мәселен, биылғы 9 айда пойыздардың мал қағу деректері 584-ке дейін төмендеді (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 648 жағдай тіркелген болатын). Осыған байланысты ҚТЖ мал иелерін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және үй жануарларын темір жолдардың маңында қараусыз қалдырмауға шақырады.

