Түркістанда «Voice of Turan — 2026» халықаралық фестивалі өтеді

Рухани астанамыз – Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде маңызды мәдени шара басталуға дайын.

Биыл 25-27 қыркүйек аралығында дәстүрлі «Voice of Turan — 2026» халықаралық қазақ әндері фестивалі өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Ауқымды фестивальдің қатысушылары мен мақсаты

Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған беделді байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен өнерпаздар жиналады. Биылғы фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилия сияқты 20-дан астам елден келген таланттар қатысады.

Қазақ музыкасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау, Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару және Түркістанды түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде таныту. Жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаровтың айтуынша, бұл кәсіби вокалдық дода емес, қазақ әндерін орындаушылардың байқауы. Мұнда қатысушылар халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларын орындайды. Басты бағаланатын өлшем – дауыс қуаты емес, әнді көрерменге шынайы жеткізе білу.

Үш күнге созылатын мерекелік бағдарлама

25 қыркүйек күні фестивальдің алғашқы күні Қырғызстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Тыва, Қарақалпақстан мен Өзбекстаннан келген әншілер және қазақстандық өнерпаздар өнер көрсететін «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті өтеді.

26 қыркүйек салтанатты ашылу рәсімі және «Жұлдызды жұп» кезеңі ұйымдастырылады. Бұл күні шетелдік қатысушылар қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бірге дуэт болып қазақ әндері мен заманауи шығармаларды шырқайды.

27 қыркүйек негізгі «Қазақ әні» кезеңі өтіп, қатысушылар халық туындыларын кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынады.

Концерттік бағдарламалардан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолөнершілер ауылы мен түркітілдес елдердің дизайнерлерінің сән шеруі ұйымдастырылады.

Оқушыларға арналған жасанды интеллект есептің дайын жауабын бермейді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img