Үкіметтен Алакөл жағалауын қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлінді

Мемлекет басшысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауын қорғайтын бөгет салу жобасын аяқтауға Үкімет резервінен 3 миллиард теңге бөлінді.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Қорғаныс бөгетінің құрылысы мен сипаттамасы

Бөлінген қаражат көл жағалауындағы елді мекендер мен туристік инфрақұрылымды су тасынынан қорғауға бағытталады:

Жоба аясында ұзындығы 6 шақырым болатын қорғаныс бөгеті салынады. Бөгеттің 2,5 шақырымы Көктұма ауылына, ал 3,5 шақырымы Ақши ауылына тиесілі.

Бұдан бұрын, 2025 жылы 1,7 шақырым учаскеде нығайту, жер қазу, бетон құю және габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 25 %-ы орындалды.

Жобаның толық жүзеге асырылуы Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи тасымалдануы мен қайта бөліну жүйесін сақтауға мүмкіндік береді.

Өңірлік туризм мен су инфрақұрылымын дамыту

Қорғаныс инфрақұрылымын қалыптастыру Жетісу облысының туристік әлеуетін арттырып, демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасайды. Жағалаудың шайылуы тоқтатылып, демалыс аймақтарының инфрақұрылымы мен қауіпсіздігі арттырылады.

Соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар сияқты алты өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстар салынып, нығайтылды.

Алматыда күндіз жүк көліктерінің қалаға кіруіне уақытша шектеу қойылады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img