Алматыда өткен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық конференцияда отандық ғалымдардың ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарияланды.
Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Ватикан мен Батыс Еуропа елдерінің архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты 500-ге жуық құнды тың дерек тауып, елге әкелді, — деп хабарлайды 24kz.
Ватикан мен Еуропа архивтеріндегі екі жылдық зерттеу
2024 жылы басталған ғылыми экспедиция аясында зерттеушілер Ватиканның Апостол архиві мен кітапханасында жұмыс істеді. Айта кетейік, ұзындығы 85 шақырымға жуықтайтын Ватикан архивінде миллиондаған бірегей құжат сақталған. Ватиканнан бөлек, Италия, Германия, Франция, Мажарстан, Австрия, Испания және Ұлыбритания елдерінің қорлары да зерттеліп, төмендегідей бірегей тарихи жәдігерлер мен дереккөздер іріктелді:
Күйік ханның Рим Папасы IV Иннокентийге жазған хаты мен Папаның Сартақ ханға жазған алғашқы хатының түпнұсқасы (сондай-ақ Мадрид нұсқасы). Одан бөлек, Алтын Орда кезеңінде Өзбек ханға жазылған хаттардың көшірмелері мен елшілік құжаттары табылды.
Еуразия даласы мен Қазақстан аумағының тарихын жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін XV ғасырда жасалған Фра Мауро картасы жаңа көзқараспен зерттелді.
Ватикан қорынан 1619 жылы Мысырда жазылған «Аш-Шузур аз-захабийа» атты құнды мәмлүк-қыпшақ тіліндегі сөздік табылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл еңбектің әлем кітапханаларында бар болғаны 36 нұсқасы сақталған.
Қазақстандық зерттеушілер екі жыл ішінде жалпы 32 мыңға жуық еңбекті қарап шығып, соның ішінен еліміз бен түркі әлемінің тарихына қатысты 500-ге жуық кітап пен маңызды материалды іріктеп алды.
Ғылыми айналымға енгізу жұмыстары
Қазақстандағы Апостол нунцийі Джордж Панамтундил қазақстандық ғалымдарға Ватикан тарапынан барынша қолдау көрсетілгенін атап өтіп, екіжақты меморандум аясындағы ынтымақтастық одан әрі жалғасатынын жеткізді. Бүгінде әкелінген деректер толық зерттелмеген. Алдағы уақытта мамандар көне мәтіндерді аударып, қолда бар құжаттармен салыстыра отырып, толық ғылыми сипаттама береді. Ғалымдар бұл бірегей еңбектер Қазақстан тарихының әлі күнге дейін ашылмаған көмескі тұстарын толықтыра түсетініне сенімді.
Бүгін қазақ әдебиетінің үш алып тұлғасы дүниеге келген күн — jananews.kz

