Жетісуда су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап көлемі 4,6 есе артты

Қазақстанда ауыл шаруашылығында су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру бойынша мемлекеттік саясат белсенді жүзеге асырылуда.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Жетісу облысында соңғы 4 жылда заманауи суару технологияларымен қамтылған жер көлемі 4,6 есеге, яғни 34 мың гектарға ұлғайып, 43,1 мың гектарға жетті. Бұл өңірдегі суармалы жерлердің 20,5 %-ын құрайды. Биыл 33 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 9,4 мың гектар алқапқа заманауи суару жүйелерін енгізді. Жалпы 43,1 мың гектардың 16,9 мың гектары тамшылатып суаруға, ал 26,2 мың гектары жаңбырлатып суаруға тиесілі.

Өңірдегі ірі шаруашылықтардың тәжірибесі мен технологиялары

Жетісу облысының ірі агрокәсіпорындары заманауи су үнемдеу жүйелерін белсенді енгізуде:

«Агрохолдинг Жетісу» ЖШС 1375 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын енгізді. Шаруашылықта 26 ұңғымадан су алатын 26 заманауи жаңбырлатқыш қондырғы жұмыс істейді. Қажетті инфрақұрылым үшін сыйымдылығы 180 мың текше метрден асатын 6 су жинақтаушы резервуар саланып, 40 шақырымнан астам электр желісі тартылды.

«Jetisu agro complex» ЖШС 1150 гектар алқаптың барлығына дискретті суару технологиясын енгізді. Сонымен қатар, кәсіпорын келесі жылы 12 жаңбырлатқыш қондырғының көмегімен тағы 500 гектар алқапты қамтуды жоспарлауда.

Полиэтилен құбырларын пайдалану арқылы дискретті суару технологиясы өңірдегі 35 шаруа қожалығында 3,7 мың гектар алқапта қолданылуда.

«Біздің өңірде ірі өзендер жоқ. Сондықтан сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі — жерасты сулары. Автоматтандырылған басқару жүйесі суару уақытын және оның қарқындылығын реттеуге, сол арқылы ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дәстүрлі суару әдісімен салыстырғанда су шығыны 20–30 есеге дейін азаяды», — дейді «Агрохолдинг Жетісу» ЖШС басшысы Ермек Толыбаев.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img