Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық өкілдіктер үшін ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беруді көздейтін маңызды халықаралық келісімді ратификациялады.
Заң жобасы бойынша Мәжіліс мінберінен негізгі баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бұл келісімге 2025 жылы 22-тамызда Бішкек қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол қойылған болатын. Құжаттың негізгі мақсаты — екі ел арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды заң жүзінде қамтамасыз ету.
Пайдалану мерзімі және жер телімдерінің ауданы
Бекітілген келісім шарттарына сәйкес, Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен арнайы бөлінген жер учаскелері 49 жыл мерзімге беріледі. Сондай-ақ, бұл мерзімді кейіннен қайта ұзарту құқығы қарастырылған. Сыртқы істер министрлігі ұсынған ресми мәліметтер бойынша, тараптарға берілетін жер учаскелерінің нақты ауданы келесідей бөлінді:
Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер телімі, ал Қазақстан Елшісі резиденциясы үшін 0,17 гектар жер телімі бөлінді.
Ал Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер телімі, Елші резиденциясы үшін 0,125 гектар жер телімі беріледі.
Саяси диалог пен өзара сенімді нығайту
Сыртқы саяси ведомство өкілі атап өткендей, заң жобасы екі елдің дипломатиялық мұқтаждықтары үшін бөлінген ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық тұрғыдан толық реттеуді мақсат етеді.
Бұл халықаралық құжатты ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстанның стратегиялық мүдделеріне толық сай келеді. Ол бауырлас екі мемлекет арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогты, өзара сенімді және халықаралық аренадағы тиімді іс-қимылды жаңа белеске көтеру үшін берік әрі сенімді құқықтық негізін қалауда.
Елімізде жауын-шашынды көбейту технологиясы сынақтан өтуде — jananews.kz


