Қазақстанда жеке мектептердегі оқу бағасы орналасқан өңіріне, оқушының сыныбына және мектептің мәртебесіне байланысты қатты өзгешеленеді.
Соған байланысты жылдық оқу ақысына миллиондаған теңге жұмсауға тура келеді. Негізгі оқу ақысынан бөлек, мектепке қабылдар кезде 200 000 — 400 000 теңге көлемінде бастапқы бірінші жарна алынады. Сонымен бірге тамақтану, үйірмелер мен қосымша сабақтар үшін де бөлек төлем қарастырылған.
Өңірлер бойынша жеке мектептердің оқу ақысы
Еліміз бойынша ең төменгі оқу ақысы Қызылорда қаласында тіркелген, мұнда ай сайынғы төлем 25 000 теңгеден басталып, кейбір мектептерде 50 000 теңгеге дейін барады. Семей мен Тараз қалаларында баға 40 000 теңгеден басталады. Семейде кейбір мектептер айына 110 000 теңге сұраса, Таразда бұл көрсеткіш 200 000 теңгеге дейін жетеді. Көкшетау қаласында 5-6 сынып оқушыларына арналған баға 53 000 теңгеден басталып, 1-4 сыныптар үшін 135 000 теңгені құрайды.
Қостанайда жеке мектептердегі оқу ақысы айына 65 000 теңгеден басталып, 270 000 теңгеге дейін барады. Орал қаласында баға 75 000 теңгеден 180 000 теңгеге дейін жетсе, Екібастұз, Атырау және Қарағанды қалаларында бастапқы ақы 80 000 – 90 000 теңге шамасында. Ақтөбеде бастауыш сыныптарға оқу ақысы 90 000 теңгеден басталса, жоғары сыныптарға 10 000 теңгеге қымбатырақ және кейбір мектептерде 245 000 теңгені құрайды.
Талдықорған, Жезқазған және Алматы қалаларында оқу ақысы 100 000 теңгеден басталады. Алматыда сұраныс жоғары болғандықтан, негізгі орташа баға 200 000 – 400 000 теңге аралығында болса, кейбір халықаралық мектептерде айына 1,4 млн теңгеге жетеді. Шымкентте оқу ақысы 110 000 теңгеден басталып, 330 000 теңгеге дейін барады.
Петропавлда бастауыш сыныптар үшін ең арзан оқу ақысы айына 120 000 теңге болса, Ақтауда ең қолжетімді мектеп 150 000 теңгеден басталып, халықаралық мектептерде 390 000 теңгені құрайды. Павлодарда 0-4 сынып оқушыларына арналған оқу ақысы айына 170 000 – 230 000 теңге аралығында болса, Өскеменде баға 250 000 теңгеден басталып, 380 000 теңгеге дейін барады. Түркістанда кейбір мектептерде баға айына 315 000 теңгеге жеткен.
Еліміз бойынша ең жоғары баға Астана қаласында тіркелді, мұнда айына кем дегенде 350 000 теңге жұмсалады. Орташа білім ордалары 500 000 теңге сұраса, халықаралық мектептер айына 1,4 млн теңге алады.
Оқу құнына әсер ететін негізгі факторлар
Жеке мектептерде төлем мөлшерін айқындайтын бірнеше басты шарт бар. 1-4 сынып оқушыларына қарағанда 5-11 сынып оқушыларының оқу ақысы 10 000 теңгеден бастап қымбатырақ болады. Бастауыш сыныптар көбіне таңнан кешке дейін созылып, оқу бағдарламасын, үй тапсырмасын орындауды, үйірмелер мен тамақтануды қамтиды. Ал Орал мен Шымкент сияқты қалаларда үздік оқитын балаларға немесе ата-аналардың өтінішіне байланысты арнайы жеңілдіктер ұсынылады.

