АҚШ Конгресі кітапханасына ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде дайындалған ағылшын тіліндегі жаңа басылым салтанатты түрде сыйға тартылды.
Сыйлықты Вашингтондағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов табыс етті. Бұл айтулы оқиға Мұхтар Әуезовтің осыдан 66 жыл бұрын Вашингтонға сапары кезінде аталған кітапханаға өз шығармаларын тапсыруымен басталған тарихи дәстүрдің заңды жалғасы болды.
«Ұрпаққа ұлағат» жобасының ерекшелігі
Тапсырылған басылым хакім Абайдың философтық мұрасын жас ұрпаққа заманауи форматта жеткізуді көздейді. «Ұрпаққа ұлағат» деп аталатын бұл еңбек Абайдың қара сөздеріндегі терең ойларды жас оқырмандарға арнайы графикалық кескіндемелер (иллюстрациялар) арқылы түсіндіреді. Жоба авторы — Гүлмира Амандықова. Ол бұл ауқымды еңбекке 5 жылға жуық уақытын арнаған. Басылым алғаш болып қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген, ал қазіргі таңда әлемнің 12 тіліне аударылып үлгерді.
АҚШ Конгресі кітапханасы — миллиондаған кітаптарды, сирек кездесетін карталарды, қолжазбаларды, фотосуреттер мен видео-аудио материалдарды сақтайтын әлемдегі ең ірі кітап қорларының бірі. Аталған кітапхана қорында қазақ әдебиетінің алтын қоры кеңінен ұсынылған. Кітапханада Абай шығармаларының 40-қа жуық әртүрлі басылымы бар. Ақынның өмірі мен рухани мұрасына арналған 300-ден астам зерттеу кітаптары сақтаулы.

