Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып жүрген, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет еткен бір топ көрнекті қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Мемлекет басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың әрқайсысының ел дамуы мен ұлт руханиятына қосқан айрықша еңбегіне жеке-жеке тоқталды.

Мемлекеттік награда алған қайраткерлер

Ұлттық мәдениет, ғылым, мемлекеттік қызмет пен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін мына тұлғаларға марапаттар табысталды:

Көрнекті суретші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маманы Бәтима Зәуірбекова «Отан» орденімен марапатталды.

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, қаламгер. Төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің, Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеуге орасан зор үлес қосқан Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.

Мемлекет қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы вице-спикері. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етіп, отандық парламентаризмді дамытуға елеулі үлес қосқан Александр Судьин II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Театр және кино саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет етіп, мазмұнды қойылымдарды сахнаға шығарған және жас таланттарды тәрбиелеп келе жатқан, белгілі актер, театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысы. Алматы облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға зор үлес қосып, қоғамдық қызметті белсенді атқарған Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img