Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің жаңа белесі басталды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» атты кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға жетекші академиктер, тарихшылар, археологтар, палеогенетиктер мен фольклортанушылар қатысты. Басқосуды ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жошы Ұлысының тарихы қазақ мемлекеттілігінің бастауларын тереңнен танытатын аса маңызды бағыт екенін және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы кешенді зерделеуге ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

Ұлттық ғылым академиясының 6 стратегиялық басымдығы

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев Жошы Ұлысы мұрасын зерттеуді жүйелі экожүйеге көшірудің негізгі бағыттарын мәлімдеді. Ғылыми зерттеулерді үйлестіру және ұлттық аудит жүргізу құрылымын жасақтау және Жасанды интеллект негізінде «Жошы Ұлысы мен Алтын Орда» бірыңғай көптілді цифрлық платформасын әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар «Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығының тарихы, мемлекеттілігі және мәдени-интеллектуалдық мұрасы» тақырыбын бағдарламалық қаржыландыру өзегіне айналдыру көзделіп отыр.

2027–2031 жылдары Бытыраңқы гранттық жобаларды біріктіретін бірыңғай ғылыми бағдарлама қабылдау және Түркия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Татарстан және Башқұртстан академияларымен «Дала өркениетін бірлесіп зерттеу консорциумын» құру. Сондай-ақ, 10 жылдық Кешенді Жол картасы (2027–2037 жж.) аясында зерттеулерді он жылдық мерзімге стратегиялық жоспарлау ұсынылды.

Палеогенетика мен археологиядағы сенсациялық жаңалықтар

Отырыс барысында нақты ғылыми сараптамалар мен тың жаңалықтар ортаға салынды. Ғалым Мақсат Жабағин Big Y-700 секвенирлеу технологиясы арқылы Жошы хан, Алаша хан және Аяққамыр кесенелерінде жерленген тұлғалардан ортақ C2a1a3a6-ZQ369 генетикалық тармағы («Кеңгір желісі»)анықталғанын мәлімдеді. Радиокөміртекті сараптама Жошы хан кесенесіндегі жерлеу XIV ғасырға (1286–1398 жж.), ал Алаша хан кесенесі XVIII ғасырға (1726–1814 жж.) тиесілі екенін көрсетті. Бұл тұлғалар Шыңғыс ханның тікелей төрелер әулетіне емес, империяға одақтас рулық әулетке жататыны, сондай-ақ BY68504 тармағы арқылы ортағасырлық бұл әулет пен қазіргі қазақтың Тама руы және қарақалпақтың Баймақлы руы арасында тікелей генетикалық байланыс бары дәлелденді.

Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы дрон, LiDAR, GNSS, 3D-модельдеу мен изотоптық талдауды пайдаланып Қышқала, Булақ, Байтақ, Қызылоба некрополі мен Көк кесенені зерттеу жалғасатынын атап өтті. Академик Кенжехан Матыжанов кезінде кеңестік идеология тарапынан қудалауға ұшыраған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Ер Шора», «Қобыланды», «Алпамыс» секілді Алтын Орда жырларын бұрмалаусыз ғылыми айналымға қосу қажеттігін көтерді.

 

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img