Қазақстанда бір дәрігердің бірнеше медициналық бағыт бойынша қатар жұмыс істеп, науқастарды қабылдауы заңнамаға қайшы келмейді.
Алайда ол үшін маманның әрбір бағыт бойынша клиникалық практикамен айналысуға рұқсат беретін арнайы сертификаты болуы шарт. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділхан ресми түсініктеме берді, — деп хабарлайды kazinform.
56 кәсіби стандарт және сертификаттау талаптары
Елімізде дәрігерлердің біліктілігі мен бірнеше мамандықты қатар алып жүру тәртібі нақты ережелермен реттеледі. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында 56 медициналық мамандық бойынша кәсіби стандарт бекітілген. Дәрігер әрбір мамандық бойынша тиісті білімі мен біліктілігін растайтын жеке сертификатқа ие болуға міндетті. Қолданыстағы талаптарға сай, жаңа мамандық бойынша сертификат алу үшін дәрігер міндетті түрде сол сала бойынша резидентураны (мамандыққа қарай 2 жылдан 4 жылға дейін созылатын жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейі) аяқтауы қажет. 2022 жылғы 15 қарашаға дейін дәрігерлер өздерінің негізгі кәсіби бейіні (терапиялық, педиатриялық немесе хирургиялық) шеңберінде кемінде 860 сағаттық қайта даярлау курстарынан өтіп, қосымша сертификат ала алған. Сол себепті тәжірибелі дәрігерлерде бір бейінге жататын екі немесе одан да көп ресми маман сертификаты болуы заңды.
2021 жылдан бастап дәрігердің кәсіби дағдыларын тереңдету үшін көлемі 10 кредиттен (300 академиялық сағаттан) басталатын сертификаттау курстары жұмыс істейді.
– Осылайша, бір дәрігердің бірнеше мамандық бойынша пациент қабылдауының өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда ол әр мамандық бойынша клиникалық практикамен айналысуға құқық беретін тиісті сертификатқа ие болуы тиіс, — деді Жандос Әділхан.
Конгоға Эбола індетіне қарсы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілді — jananews.kz

