Қазақстанда қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері мен еңбек нарығындағы өзекті мәселелер қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі жұмыс күшінің жағдайы, жасанды интеллекттің әсері және шетелдік мамандарды тарту себептерін баяндады. Еліміздегі жұмыс күшінің жалпы саны 9,8 миллион адамды құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 9,4 миллион кісі (жұмыспен қамту деңгейі – 96%). 2035 жылға қарай экономикаға тағы 2,9 миллион кадр қажет болады. Соның ішінде тек жұмысшы мамандықтар бойынша сұраныс 1,8 миллион адамды құрайды.

Қазіргі таңда ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында байқалады. Сұранысқа ие кәсіптер тізбесі 51-ден 174-ке дейін жаңартылуда.

Қандай мамандықтар жойылып кетеді?

Технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы еңбек нарығын өзгерту үстінде. Болашақта мәтінді өңдеуші және теруші, деректерді енгізу жөніндегі қызметкерлер және корректор мамандықтарына деген сұраныс мүлде жойылуы мүмкін. Бұл үрдіс кадрлар даярлау жүйесін заман талабына сай шұғыл бейімдеп, білім беру бағдарламаларын жедел жаңартуды талап етеді.

Жыл сайын 300 мың шетелдік маман неге келеді?

Жыл басынан бері электрондық биржа порталында жұмыс берушілер 845 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Оның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Қазақстан азаматтары бос орындардың 60-70%-ын ғана толтырса, қалған 30-40%-ына жергілікті маман табылмайды. Нәтижесінде жұмыс берушілер сырттан жұмыс күшін тартуға мәжбүр болып, жыл сайын елімізге 300 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мансап орталықтарының жұмысы цифрландырылуда.

Жоғары білім беру саласындағы жаңалықтар

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кадрлар даярлау сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Экономикаға қажетті 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып, 2026 жылы «Жаңа мамандықтар атласы» негізінде 1 983 білім беру бағдарламасы жаңартылды. Қазіргі таңда 76 ЖОО-ның 50 мың студенті 6 мың кәсіпорын базасында (мысалы, Қостанайдағы автозауыттар) дуалды оқытудан өтуде. Барлық жоғары оқу орындарында инженерлік дайындық бойынша жұмыс орнында оқыту Work-Based Learning бағдарламалары кеңейтілуде.

(Суретте ЖИ қолданылған)

Қазақстандық спортшылар ескек есуден регатада 4 медаль жеңіп алды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img