Қуаңшылық салдарынан егіннің күйзеліске ұшырауы Еуропа елдерінде жүгері тапшылығын тудырды. Еуропа мал азығын өндірушілер қауымдастығының дерегі бойынша, қазіргі уақытта Еуроодаққа 7 миллион тонна жүгері қажет болып тұр.
Бұл жағдай климаттың жаһандық өзгеруі мен су ресурстарының азаюы ауыл шаруашылығына үлкен қатер төніп тұрғанынының дәлелі. Мамандардың болжамынша, келер жылы да Еуропаның біраз бөлігі қуаңшылыққа ұшырауы мүмкін, — деп хабарлайды 24kz.
Мажарстан мен Румыниядағы ахуал: Шаруалар не дейді?
Осы уақытқа дейін нарық көшбасшысы болып келген Мажарстан биыл импортқа тәуелді болуға мәжбүр. Ылғалдың жетіспеуінен бұл елде жүгерінің өнімділігі 33 %-ға азайған. Мажарлық шаруа Карой Ковач бұрын бір гектардан 17 тоннаға дейін өнім жинағанын, бірақ қазір қуаңшылық қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Ол келер жылы егістік алқаптарын қысқартып, тауық жұмыртқасынан құрғақ макарон өнімдерін шығаруды қолға алмақ.
Румыниялық фермер Стефан Морару да судың тапшылығынан (тіпті Дунай өзенінің суы тартылып қалған) биыл жүгері егуді тоқтатып, күнбағысқа ауысқанын жеткізді. Биыл Еуропалық одақ елдері бар болғаны 50,1 млн тонна жүгері жинады. Бұл – кейінгі 20 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
Еуропалық диқандар ауыл шаруашылығын шұғыл түрде климат өзгерісіне бейімдеу қажет екенін ескертуде. Басты шешім ретінде құрғақшылық пен ыстыққа төзімді жүгерінің элиталық сұрыптарын шығару жұмыстарын жеделдету ұсынылды.

