Елімізде 7–13 қыркүйек аралығында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жанұядағы қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге арналған ауқымды апталық өтуде.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Таңшолпан Ерманов мәлім етті. Оның айтуынша, апталықтың әр күні жеке маңызды тақырыпқа арналған.
Апталықтың негізгі бағыттары мен іс-шаралар
Бағдарлама отбасы институтын нығайтуға және қоғамдағы өзара сыйластықты арттыруға бағытталған маңызды тақырыптарды қамтиды. Дәстүрлі құндылықтарға арналған шаралар үлкендердің батасынан басталып, 50 жыл отасқан үлгілі отбасыларды марапаттау рәсімдері ұйымдастырылады. Апта барысында саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі және ата-ана мен баланың бірге сапалы уақыт өткізуі секілді мәселелер кеңінен сөз болады.
Әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі өтуде. Шаралардың басты мақсаты – отбасылардың бір-біріне деген қамқорлығын, сыйластығын арттыру және мемлекет тарапынан атқарылып жатқан қолдау шараларын халыққа кеңінен жеткізу.

