Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA-2025 халықаралық зерттеуінің ресми нәтижелерін жариялады.
Қазақстанда бұл ауқымды зерттеу 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында өтіп, оған барлық өңірден 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 оқушы қатысты. Жалпы бұл цикл әлемнің 91 елі мен аумағын қамтып, 760 мыңнан астам жасөспірімді қамтыды.
PISA-2025 негізгі көрсеткіштері мен балдары
Зерттеу барысында негізгі бағыт ретінде жаратылыстану-ғылыми сауаттылық алынды. Оқушылар жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 420 балл, математикадан шамамен 414 балл және оқу сауаттылығынан 385 балл жинаған. Көрсеткіштер PISA-2022 деңгейінде сақталған. Жаратылыстану бағыты 2018 жылғы көрсеткіштен жоғары болса, оқу сауаттылығы бойынша ұзақ мерзімді тұрақтылық байқалады.
Цифрлық әлем, жасанды интеллект және оқу ортасы
PISA-2025 зерттеуінің басты жаңалығы – «Цифрлық әлемде білім алу» бағыты болды. Оқушылардың цифрлық орта мен қауіпсіздікке қатысты көрсеткіштері ЭЫДҰ орташа мәнінен жоғары екенін көрсетті. Қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақта ЖИ көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді (ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 63%). Оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын мәлімдеді (ЭЫДҰ бойынша – 53%). Еліміздегі білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80-ді құрады (ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 0,14). Оқушылардың 71%-ы мектептің оларды болашақ өмірге жақсы дайындайтынын атап өткен (ЭЫДҰ бойынша – 51%).
Алдағы міндеттер
Зерттеу қазақстандық білім беру жүйесі әлі де шешуі тиіс кейбір маңызды мәселелерді көрсетті. Атап айтқанда, өңірлер мен мектептер арасындағы білім алшақтығын қысқарту, оқушылардың базалық дағдыларын нығайту және оқыту сапасын арттыру бағытында жұмыстар күшейтіледі. Нәтижелерге толық талдау жасалған соң, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлердегі білім сапасын жақсартуға арналған арнайы ұсынымдар әзірлейді.

