Қазақстанда декреттік демалыс тәртібі мен әлеуметтік көмек жүйесін өзгерту ұсынылды

Қазақстанда ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру тәртібін қайта қарау және ана мен балаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау форматын жетілдіру мәселесі талқылануда.

Бұл туралы Президент тапсырмаларын іске асыруға арналған Үкімет отырысында айтылды.

Бала күтімі мен декреттік демалысқа қатысты жаңа ұсыныстар

Үкімет отырысында қоғамда қызу талқыланып жүрген бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берудің орындылығы мен тиімділігі жан-жақты қаралды. Бала туғаннан кейінгі екі жылдық декреттік кезеңде әйелдерге берілетін көмектің бір бөлігін бөбекжай-бақша орындарымен қамту және бала күтуші қызметімен алмастыру мүмкіндігі сөз болды. Бұл әсіресе бала күтушілер тапшылығы мен балабақша кезектерін реттеуге бағытталған. Әзірге бұл бағыттағы ұсыныстар бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ, олар қосымша пысықталуда.

Әлеуметтік көмек жүйесін реформалау

Бұл өзгерістер еліміздегі әлеуметтік көмек жүйесін реформалау жұмыстарының бір бөлігі. Алғашқы кезеңде Үкімет 36 төлем түрінің 14-ін атаулы қағидатқа көшіруді жоспарлап отыр. Бұл көмектің азаматтардың нақты мұқтаждығы мен әлеуметтік жағдайына қарай берілуін қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі 4 түрге біріктіру ұсынылды.

2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге көрсетілетін жекелеген қолдау шараларына да атаулылық қағидатын енгізу көзделіп отыр. Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар азаматтардың деректерін тексеру барысында жасанды интеллектінің көмегімен медициналық құжаттарды қолдан жасаудың 167 фактісі және деректердің сәйкес келмеуі бойынша 18 мыңнан астам жағдай анықталғанын хабарлады.

Еске салайық, 1 қазаннан бастап қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдерді беру шарттарындағы өзгерістер туралы хабарламалар SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен жіберіле бастайды.

Түркістанда «Voice of Turan — 2026» халықаралық фестивалі өтеді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img