Бүгін қазақ әдебиетінің үш алып тұлғасы дүниеге келген күн

Бүгін, 28 қыркүйекте қазақ руханияты мен әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, өшпес мұра қалдырған үш бірдей ұлы тұлға – әдебиет классигі Мұхтар Әуезов, қаламгер, драматург Оралхан Бөкей және халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні.

Бұл күн қазақ сөз өнері үшін ерекше маңызды тарихи мереке.

Мұхтар Әуезов (1897–1961)

Қазақ әдебиетінің классигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Мұхтар Әуезов – әлемдік деңгейдегі суреткер. Ұлы Абайдың мұрасын жинап, зерделеу және оны әлемге паш ету жолында жазушы үлкен ерлік жасады. Ол 15 жыл бойы қаламынан туған «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазақ прозасын әлемдік мәдениеттің биігіне көтерді.

Төрт томдық роман-эпопея 30-дан астам тілге аударылып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарына ие болды. Мұхтар Әуезов сонымен қатар әлемдік классика мен орыс әдебиетінің туындыларын қазақ тіліне табысты тәржімалады.

Оралхан Бөкей (1943–1993)

Көркем сөз өнерінің хас шебері, жазушы, драматург Оралхан Бөкей қазақ прозасына психологиялық тереңдік пен жаңа форма әкелді. Ол «Еңбек туы», «Коммунизм туы», «Лениншіл жас» газеттері мен «Жұлдыз» журналында қызмет етіп, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Оның шығармалары неміс, ағылшын, жапон, араб, қытай және басқа да көптеген тілдерге аударылды.

«Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Жастар сыйлығының, «Найзағай ізі» үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың, ал «Біздің жақта қыс ұзақ» повестер жинағы үшін Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Шерхан Мұртаза (1932–2018)

Қазақтың біртуар қаламгері, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза ұлт журналистикасының қарашаңырағын ұстаған қайраткер. Ол М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, «Лениншіл жас» пен «Егемен Қазақстан» газеттерін басқарды. «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахы мен «Жұлдыз» журналының редакциясын басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

Шерхан Мұртаза әлем әдебиетінің інжу-маржандарын, әсіресе Шыңғыс Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары!», «Боранды бекет» сияқты әйгілі туындыларын ана тілінде сөйлетті.

Айдос Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img