Вакцина мен аутизм арасындағы байланыс туралы миф қайдан шықты?

Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы қолданылатын ҚҚП вакцинасы мен балалардағы аутизм арасында байланыс бар деген қате пікір қоғамда әлі күнге дейін кездеседі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жалған ақпараттың қайдан бастау алғанын және оның ғылыми түрде қалай жоққа шығарылғанын түсіндірді, деп хабарлайды jananews.kz.

Даулы зерттеудің тарихы

Вакцина мен аутизм туралы қауесет 1998 жылы жарияланған бұрмаланған және даулы зерттеуден кейін әлемге кең тарады. Аталмыш зерттеуде ҚҚП вакцинасы, ішек аурулары және балалардағы аутизм арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам айтылған болатын. Кейіннен бұл жұмыстың әдістемесінде елеулі қателіктер мен бұзушылықтар бар екені, ал ұсынылған деректердің шындыққа жанаспайтыны әшкереленді. Нәтижесінде беделді The Lancet ғылыми журналы 2010 жылы аталмыш мақаланы ресми түрде толығымен кері қайтарып, жоққа шығарды.

Ғылыми дәлелдер мен ауқымды зерттеулер

Бастапқы мақала жоққа шығарылғаннан кейін, ғалымдар бұл мәселені түпкілікті зерттеу үшін әлем бойынша миллиондаған баланы қамтыған ауқымды зерттеулер мен метаталдаулар жүргізді. Жүргізілген көптеген зерттеулердің нәтижесі ҚҚП вакцинасы аутизмді тудырмайтынын дәлелдеді.

Дегенмен, 1998 жылғы қате тұжырымдар әлеуметтік желілерде әлі де таралып, ата-аналар арасында негізсіз үрей мен алаңдаушылық тудырып отыр. Мамандар вакцинация балаларды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайтын ең тиімді әрі қауіпсіз әдіс екенін ескертеді.

Қазақстанда сүт өндірісі бойынша қай өңір көш бастап тұр? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img