Салық қарызы бар тұлғалардың шетелге шығу ережесі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда салық берешегі бар кәсіпкерлер мен компания басшыларының шетелге шығуын шектеу тәртібіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылды.

Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялаған Салық кодексіне түзетулер жобасы қарыз өтеу мерзімін ұзартуды және заңнамалық рәсімдерді жетілдіруді көздейді.

Негізгі өзгерістер мен жаңа талаптар

Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша салық берешегі 27 мың АЕК-тен (2026 жылы шамамен 116,7 млн теңге) асса, шетелге шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, бұл шекті соманы қайта қарау немесе азайту жоспарланбаған. Дегенмен, жаңа заң жобасында нақты «27 мың АЕК» деген соманы Салық кодексінен алып тастап, оны «салық берешегінің шекті мөлшері» деген ұғыммен ауыстыру және тиісті нормативтік актілер арқылы реттеу ұсынылып отыр. Бұл болашақта шекті сома өзгерген жағдайда кодекске қайта түзету енгізбеу үшін жасалып отыр.

Заң жобасындағы ең басты жаңалықтардың бірі – салық берешегіне байланысты шетелге шығуға шектеу қою мерзімін 3 айдан 4 айға дейін ұзарту көзделген. Осылайша, салық төлеушіге өз берешегін ерікті түрде өтеуі үшін қосымша бір ай уақыт беріледі. Шектеу бірден қойылмайды. Алдымен банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкімдер қойылады. Осы шаралар қолданылғанымен, берешек 4айдан астам уақыт бойы өтелмесе ғана елден шығуға уақытша тыйым салынуы мүмкін.

Бұл талаптар заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндетін атқарушыларға, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты қолданылады. Сондай-ақ заң жобасында салық органдарына тіркеусіз кәсіп жүргізіп жүрген тұлғаларды анықтау үшін навигациялық және картографиялық сервистердің деректерін пайдалану тетігі қарастырылған.

Елімізде LRT нысандарына арналған арнайы полиция басқармасы құрылады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img