Қазақстанда көмірден дизель отыны мен тыңайтқыш өндіретін жобалар қолға алынды

Қазақстанда көмірді терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға бағытталған жаңа перспективалы өнеркәсіп саласы – көмір химиясы қарқынды дамып келеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта бірқатар маңызды инвестициялық жобалар қолға алынды, деп хабарлайды jananews.kz.

Іске асырылып жатқан негізгі инвестициялық жобалар

Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жобасы қолға алынды. Бұл бағытта қытайлық инвестормен инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Павлодар облысындағы «Naz Dan Group» ЖШС көмірден қуаты жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіретін жобаны іске асыруда. Кәсіпорынға тиісті жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілді. Ал Қарағанды облысындағы «Alfa Plast» ЖШС де жылына 100 мың тонна дизель отынын шығаруға мүмкіндік беретін ұқсас жобаны қолға алды. Бұл компанияға да жер қойнауын пайдалану лицензиясы табысталды.

2026–2031 жылдарға арналған Жол картасы

Көмір химиясы саласын жүйелі түрде өркендету үшін Энергетика министрлігі мүдделі ұйымдармен және көмір өндіруші компаниялармен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған Қазақстанның көмір химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі. Бұл құжатқа көмірді терең өңдеуге арналған бірқатар маңызды бастамалар енгізілді:

«Qarmet» АҚ базасы (Қарағанды облысы) жылына 200 мың тоннаға дейін шайырды өңдеу, 35 мың тоннаға дейін бензол өндіру және кокс газын тазартуды көздейтін коксохимия кластерін дамыту жоспарлануда.

«Samal Commodities» ЖШС (Абай облысы) жылына 300 мың тонна аммиак және 520 мың тонна карбамид (тыңайтқыш) өндіруді көздеп отыр.

«Қаз Недро Ресурс» ЖШС (Павлодар облысы) Сарыкөл кен орнының базасында жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіру жобасын қарастыруда.

Бұл бағыттағы жұмыстар көмірді тек шикізат ретінде пайдаланудан бас тартып, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға көшуге жол ашады. Айта кетейік, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы және өзге де елдер көмірден сұйық отын өндіруді бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді.

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізіліп жатыр — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img