Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында елімізде рухани құндылықтар мен оқу мәдениетін насихаттау жұмыстары қарқын алуда.
Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Алматы қаласы Бостандық ауданындағы «Самғау» даму және шығармашылық орталығында мобильді кітапхана сөресі орнатылды, деп хабарлайды jananews.kz.
Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру
Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қолдауымен қолға алынған жаңа оқу жылындағы бұл кітапхана сөресі орталыққа келушілер үшін үлкен қуаныш болды. Қазіргі таңда мобильді кітапхана қорында түрлі бағыттағы 200-ге жуық сапалы кітап бар. «Самғау» орталығына күн сайын 500–600 оқушы келіп, апта сайын 1 500–2 000-ға жуық бала әртүрлі үйірмелерге қатысады. Енді олар шығармашылықпен шұғылданып қана қоймай, бос уақыттарын кітап оқумен тиімді өткізуге мүмкіндік алады.
Барлық келушілерге қолжетімді
Бұл инновациялық жоба тек оқушыларға ғана емес, сонымен қатар ата-аналарға, педагогтерге және орталықтың ересек келушілеріне де арналған. Мамандар атап өткендей, оқитын ұрпақ тәрбиелеу әрқашан ересектердің өнегесі мен ортақ құндылықтарынан басталады. «Самғау» орталығы алдағы уақытта да балалардың білім көкжиегін кеңейтіп, рухани дамуына үлес қосатын осындай маңызды жобаларды жалғастырмақ.
Тұрғын үйлердегі өрттің 40 пайызы электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудан туындайды — jananews.kz

